Қоғам

Пневмония коронавирустан басым түсті – қайтыс болғандардың саны екі есе көп

Биыл жарты жылдың ішінде өткен жылдың тура осы кезеңімен салыстырғанда пневмонияға шалдыққандардың саны 55,4 процентке артқан
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 2 шілде – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирус пен пневмониядан қайтыс болғандардың санын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Соңғы бір тәуліктің ішінде коронавирустан 10 науқас көз жұмды. Ал пневмониядан 20 адам қайтыс болды. Жалпы, бір тәуліктің ішінде республика бойынша 1 247 пневмонияға шалдыққан адам тіркелді", - деді Цой бүгінгі онлайн брифингте.

Министрдің айтуынша, биыл жарты жылдың ішінде өткен жылдың тура осы кезеңімен салыстырғанда пневмонияға шалдыққандардың саны 55,4 процентке артып, 98,5 мың адамды құрады. Былтыр бір жылдың ішінед 63 мың жағдай болған.

"2020 жылы маусым айында пневмонияға шалдыққан 32 724 науқас тіркелді. Өткен жылы осы айда 7 964 науқас болған", - деп атап көрсетті Цой.

Айта кетейік, Қазақстанда өткен тәуліктің ішінде коронавирус жұқтырған 1 509 адам анықталған болатын. Олардың ішінде 981 пациент – симтомсыз науқастар. Жалпы, бүгінде науқастардың саны 42 574 адамға жетті.