Қоғам

"Қазақша сөйлемеймін": Францияда мэрдің орынбасары болған қазақ қызы сұхбат берді

Таяуда қазақстандық БАҚ беттерінде қазақ қызының Францияда қала басшысының орынбасары қызметіне сайланғаны жайлы ақпарат тарады. Sputnik Қазақстан тілшісі 29 жастағы Ешім Савашпен байланысқа шығып, бойжеткеннің жаңа қызметі, Франциядағы өмірі жайлы сұрады
Sputnik

АЛМАТЫ, 2 шілде – Sputnik. Ешім Саваш (Yeşim Savaş) – 19 ғасырда Алтай өңірінде тұрған Қытайдағы ұлт-азаттық көтерілістің басшысы болған Зуқа батырдың ұрпағы. Ол 1991 жылы Парижде дүниеге келген. Алайда кейін әкесі Махмұт Саваштың жұмыс бабы бойынша отбасы Францияның солтүстігіндегі Крей қаласына қоныс аударады. Ешім осы жерде өсіп, 28 маусымда қала мэрінің орынбасары болып сайланды.

Пандемия кезіндегі сайлау

Ешім Саваш 2012 жылдан бастап қоғамдық жұмыстарға белсенді араласа бастайды. Ол осы жылы халықаралық деңгейде өткен жастардың кездесуіне қатысқан. Біраз уақыт өткен соң Крей қаласы жастарының кеңесіне мүше болып қабылданады. Айтуынша кеңес құрамына өту үшін де сайлау өтеді. Крей жастар кеңесі қала бойынша түрлі жобаны жүзеге асыру үшін 15-21 жас аралығындағы жастарға арнап форумдар өткізеді.

"Қазақша сөйлемеймін": Францияда мэрдің орынбасары болған қазақ қызы сұхбат берді

"Біздің кеңес жол қозғалысы кезіндегі қауіпсіздік, денсаулық сақтау және аурудың алдын алу секілді жастарға арналған түрлі іс-шара өткізді", - дейді ол.

2014 жылы Ешім Крей жастар кеңесінің ішінен халықаралық қатынастар кеңесінің мүшесі болды, ал 2020 жылы қала мэрінің орынбасары болып сайланды.

"2014 жылы сайлауда жастар кеңесі кандидаттар арасында жеңіп шықты. Ал мен 2014-2020 жылдар арасында халықаралық қатынасқа жауапты болып сайландым. Сол алты жылды артта тастап, 2020 жылы кезекті сайлау өтті. Ол да оңай өткен жоқ, тіпті ұзақ уақытқа созылды. Себебі сайлаудың бірінші кезеңі коронавирустың өршіп тұрған кезі 15 наурызға тура келді. Бірінші кезеңнен кейін біз бірден оқшаулануға кетіп қалдық", - дейді Саваш.

Осылайша, Ешім Саваш мүше кеңес екінші кезеңде 51%-тен астам дауыс жинап, қалалық кеңесте мәжіліс өткізу мүмкіндігіне қайтадан ие болды.

"28 маусымда бізде қайтадан сайлау болып, жеңіп шықтық. Мұның бәрі Крей қаласының тұрғындары мен олардың сенімінің арқасында. Мен мэрдің орынбасары болдым, енді қала мәдениетіне ерекше көңіл бөлемін деп ойлаймын. Неге Қазақстан қалалары немесе қауымдастықтарымен бірігіп жобалар жасамасқа?!", - деген ойын айтты ол.

Францияда сайлау әр алты жыл сайын өтіп тұрады, тұрғындар кандидаттарға дауыс береді. Қалалық кеңесте кандидаттар арасынан таңдап алынғандар қала мэрі мен орынбасарларына дауыс береді.

Ұстаз әрі мэрдің орынбасары

Ешім университет қабырғасында аймақтық мекемені басқару саласында бакалавр дәрежесін алған. Ал магистратураны білім беру саласы бойынша бітірген. Ол 2017 жылдан бері мектепте мұғалім болып жұмыс істейді.

"Қазақша сөйлемеймін": Францияда мэрдің орынбасары болған қазақ қызы сұхбат берді

"Францияда сайлауға түсетіндер басқа жерде де жұмыс істей береді. Соған қарамастан қызметке сайлана алады. Сондай мүмкіндік бар болғандықтан, мектептегі жұмысымды, ұстаздық қызметімді жалғастыра беремін. Мэрдің орынбасары қызметін де атқарамын. Яғни, екі жерде жұмыс істеймін", - дейді Ешім Саваш.

3 шілдеде Францияның Крей қаласында алғашқы ашық қалалық кеңес өтеді. Сол күні қала мэрі ресми түрде сайланады. Оның орынбасарларына да арнайы мойынорағыш (deputy-mayorscarf) тағылады. Содан бастап ресми түрде қызметіне кіріседі.

Ата-баба тарихын білгісі келеді

"Ата-әжем Алтайда тұрып, менің арғы атам Зуқа батыр қаза тапқан соң 1940-1945 жылдары Пәкістан мен Түркияға көшіп кеткен. Сол кезеңде ел ішінде бас көтеріп, көпшілікке көмек қолын созған Зуқа батырдың шөбересімін. Ол мен үшін үлкен тұлға. Ата-анам біздің арғы атамыздың ілім сүйген, оқыған кісі болғанын жиі айтып отырады. Мен өз атаммен мақтанамын", - дейді Ешім бабасы жайлы.

"Қазақша сөйлемеймін": Францияда мэрдің орынбасары болған қазақ қызы сұхбат берді

Сонымен қатар қойнауы тарихқа толы Алтай өлкесінде болып, ата-бабасының басынан өткен оқиғалармен танысқысы келетінін айтты. Түпкі тегі қазақ бойжеткен Қазақстанға келгісі келеді. Атамекенге бару мен үшін үлкен мәртебе болар еді, дейді ол.

"Қазақ тілінде сөйлей алмаймын, алайда кей сөзді түсінемін. Себебі менің ата-әжем қазақша сөйлейді, олардың әңгімесіне бірден араласып кете алмасам да, әңгіменің не жайлы екенін шама-шарқым жеткенше түсініп отырамын. Мен қандай да бір тілді тез меңгеріп аламын, егер қазақ тілін үйрену үшін сабақ алар болсам, үйреніп алатыныма сенімдімін", - дейді бойжеткен.

"Қиындықтарға төтеп бердік"

Крей – Францияның солтүстігіндегі қала. 2017 жылдағы мәлімет бойынша, ол жерде 36 мыңға жуық адам тұрады.

"Сайлау коронавирустың қызып тұрған шағымен тұспа-тұс келді. Біз бір жыл бойы үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік. Бұл тым ұзақ уақыт болып көрінгенімен, барлығы жоспарланғандай, дайындықпен өтті. Осы уақыт арасында топ болып жұмыс істеп, бір-бірімізге қолдау көрсетуге үйрендік", - дейді Саваш.

Бұл пандемия кезінде де сынақтан бірігіп өтіп, қиындықтарды жеңу үшін жақсы мүмкіндік болды, деп толықтырды ол.

"Қазақша сөйлемеймін": Францияда мэрдің орынбасары болған қазақ қызы сұхбат берді

Франция үкіметі коронавирус кезінде медицина қызметкерлері мен мұғалімдерге 1000 еуро көлемінде сыйақы берген. Жұмысқа баруға мүмкіндігі жоқ адамдарға да ақшалай көмек көрсеткен.

"Крей қаласының әкімі де жағдайды бақылауда ұстап, пандемияға байланысты туған қиындықтарды уақытында шешіп отырды. Жастар да өз ассоциациясы арқылы қарт кісілерге азық-түлік жеткізіп көмектесті. Муниципалитет көмекке мұқтаж жандарға маска мен азық-түлік таратты. Біз қиындықтарға төтеп бере алдық, оған халық та қуанды", - дейді ол.

Крейде қазақтар тұра ма?

Бойжеткеннің айтуынша, Саваш отбасы Францияның Крей қаласында тұратын жалғыз отбасы. Оның 27 жастағы Ясин есімді інісі мен 23 жастағы Дильяра деген сіңілісі бар.

"Крей қаласында жалғыз ғана қазақ отбасы тұрады. Ол – біз. Қазақтар мен қазақ қауымының мүшелері Париж бен оның маңында тұрады. Ал Крей қаласын әкем жұмыс бабымен таңдаған", - дейді Саваш.

Ал Ешімнің әкесі Махмұт Саваш Франциядағы қазақтар қауымдастығының төрағасы болып қызмет етеді.