НҰР-СҰЛТАН, 1 шілде – Sputnik. Шымкентте карантин мерзімі 20 шілдеге дейін ұзартылды. Бұл туралы қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Әбдіманап Төлебаевтың қаулысында айтылған.
Шымкентте не жабылады
1 мен 20 шілде аралығында қалада мына нысандар жұмыс істемейді:
- қоғамдық тамақтану орындары (ашық аспан астындағы дәмханалар мен тамақты үйге жеткізетіндер жабылмайды);
- мектепке дейінгі ұйымдар;
- спорт нысандары (құрамаларды Токио Олимпиадасына және Паралимпиада ойындарына дайындау үшін Ұлттық олимпиада комитетінде аккредиттелген спорт базаларын қоспағанда);
- мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдары (дамыту орталықтары, үйірмелер және тағы басқа);
- сұлулық салондары, шаштараз, маникюр кабинеттері;
- монша кешендері, SPA, сауна;
- нан-тоқаш өнімдерін, фастфуд, балмұздақ, сусын сататын дүңгіршектер;
- автокөлік жуу (өзіне-өзі қызмет етуге арналған бөлек орындар істей береді);
- кинотеатрлар, түнгі клубтар.
Сауда орталықтары демалыста жұмыс істемейді
Автосалондар, азық-түлік емес тауарлар сататын сауда орындары, сауда орталықтары, сауда үйлері, химиялық тазалау, кір жуу, шеберхана, ателье, кілем тазалау нысандары сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін істейді. Ал демалыс күндері жабылады.
Ашық аспан астындағы дәмханалар жұмыс күндері 9.00-ден 21.00-ге дейін ашық, сенбі және жексенбі жабық болады.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда 1 шілдеден бастап не өзгереді
Бөлек тұрған азық-түлік гипермаркеттері, супермаркеттер, минимаркертер мен үй ауласындағы дүкендерге 10.00-ден 21.00-ге дейін, демалыс күндері сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етілді.
Қоғамдық көлік
Жұмыс күндері қоғамдық көліктің жұмыс уақыты шектеледі: енді автобустар 07.00-ден 11.00-ге дейін және 17.00-ден 20.00-ге дейін жүреді.
Демалыс күндері қатынамайды.
Әдеттегі режимде жұмысын жалғастыратындар
- медициналық ұйымдар, дәріханалар, процедуралық кабинеттер, коммуналдық қызметтер;
- жанар-жағармай құю станциясы мен сол маңдағы дүкендер, техникалық қызмет көрсету станциясы, шиномонтаж, өзіне-өзі қызмет етуге арналған автокөлік жуу орындары.
Пандемия басталғалы бері Шымкентте 3 мыңнан астам адам вирус жұқтырды, 705 пациент жазылып шықты, он бес адам қайтыс болды.