НҰР-СҰЛТАН, 30 маусым – Sputnik. Қоғам ішінде қатаң карантинге қатысты екіұдай пікір қалыптасты. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген сарапшылар осы мәселеге қатысты өз ойын білдірді.
Қатаң шаралар экономикалық жағынан тиімсіз
Экономикалық шолушы Сергей Домнин наурыз-мамыр айларында болған қатаң карантинді еске алды. Оның айтуынша, санитарлық-эпидемиологиялық жағынан ондай шара тиімді болса да, экономикалық тұрғыда тиімсіз. Себебі қонақүйлер, мейрамханалар, дәмханалар, азық-түлік емес тауарлардың саудасы, қалааралық көлік пен пошта сияқты бағыттар кәдімгідей тоқтап қалды. Құрылысы саласы да тежелді. Халықтың кәсіпкерлік қызметтен түскен табысы күрт азайып кетті.
"Жаңадан тағайындалған денсаулық сақтау министрінің сөзінде жақсы бір ой бар. Ол қазіргі кезде шектеу шараларынан бейімделуге көшу, яғни эпидемия жағдайында өмір сүруге үйрену керек дейді. Шамасы, эпидемияны қытайлық сценариймен жеңу мүмкін болмай отыр. Ондай мүмкіндік болса да, оны жіберіп алды. Енді, Швеция мен АҚШ-тың тәжірибесін зерделеп шығу қажет. Дегенмен, олардың қателіктерін де ескерген жөн", - дейді Домнин.
Жағдай қиындап кетеді
Сарапшының айтуынша, кез келген шектеу шаралары іскерлік белсенділікті төмендетіп, экономиканың дамуын тежеп отырады. Алайда барлығы шектеудің деңгейіне байланысты. Егер бұрынғыдай қалалар мен елді мекендердің арасындағы көлік қатынасын, сауда орындары мен қоғамдық тамақтану орындарының жұмысын тоқтатса, ал халыққа үйден шығуға тыйым салса, онда экономикалық құлдыраудың дәрежесі көктемгі көрсеткіштен де қатты болады.
"Менде нақты есеп-қисап жоқ, алайда бөлек салаларды алатын болсақ, ішкі сауданың жылдық көрсеткіші сәуір айында 32 процентке, ал мамырда 21 процентке құлап кетті. Ал ішкі сауданың 40 проценті Алматыға тиесілі. Ол жақта ішкі сауда сәуірде 40 процентке, мамырда 28 процентке төмендеп кеткен. Мамырдың ортасында локдаун аяқталды. Байқап қарасаңыз, соның өзінде ішкі сауданың көрсеткіші қатты өскен жоқ", - дейді сарапшы.
Оның ойынша, көктемгі шектеу шараларынан кейін халықтың тұтыну қабілеті де төмендеп кеткен. Себебі жұмыссыздардың саны көбейді, жұмысшыларды ақысыз демалысқа немесе жартылай жұмыс күніне ауыстырды. Енді, қайтадан осы іспетті шаралар қолға алынса, экономикалық жағдай қиындап кетеді.
"Үкімет жалпыұлттық ауқымда төтенше жағдайды қайта енгізеді дегенге сену қиын", - деп атап көрсетті Домнин.
Экономиканы күйрейтіп тастайды
Саясаттанушы Марат Шибутов та қатаң карантин қазіргі экономикалық жағдайды ушықтырып жібереді деп санайды.
"Қазіргі кезде вирус жұқтырғандардың саны неге өсіп отыр? Себебі тест тапсыратын адамдар көбейді. Ал наурыз-мамыр айларында болған қатаң карантин тиімсіз болды деп санаймын. Экономика құлдырап кетті, төрт миллионға жуық адам жұмыссыз қалды. Сыртқы шекараларды жауып тастаса да болатын еді. Әзірше, карантиннің салдарынан экономикаға келген шығын толыққанды көрініп тұрған жоқ", - дейді Шибутов.
Оның ойынша, қатаң шектеу шаралары экономиканы күйретіп тастайды. Соның ішінде ауыл шаруашылығы да бар.
"Қазіргі кезде ауыл шаруашылығы саласында жұмыс қызу жүріп жатыр. Екі апталық карантиннің өзі агроөнеркәсіп кешеніне кері әсерін тигізеді", - деді сарапшы.
Адам өмірі қымбат
Ал экономист Андрей Чеботарев, керісінше, локдаунды қолдап отыр. Себебі аурудың салдарынан жұмыс істейтін адам болмай қалса, экономика әлдеқайда қатты зардап шегеді.
"Мен локдаунды қолдаймын. Адамдар өз денсаулығын бағалауды үйренуі керек. Өздері істей алмаса, күштеп үйреткен дұрыс. "Бүгінде бетпердені таққан міндетті емес" дейтіндер әлі де бар. Сонда олар Оңтүстік Корея мен Жапонияның тәжірибесін білмей ме? Ол жақта барлығы бетперде тағады. Соның арқасында вирустың таралу деңгейі төмендеп отыр", - дейді Чеботарев.
Экономист қатаң карантин кезінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына түскен жарналардың есебін де келтірді. Оның айтуынша, мамырда ақпан айымен салыстырғанда жарналардың көлемі 8 процентке төмендесе, сәуірде 4-ақ процентке азайған. Сонда ресми түрде жалақы алғандардың көбісі табысынан көп қағылған жоқ. Адамдар қатаң карантин болса да, жалақысын алып тұрды.
"Демек, ондай жағдай ары қарай жалғаса береді. Негізі, экономиканы немесе өмірді таңдаңыз десе, мен өмірді таңдайтын едім. Меніңше, халық тым босаңсып кетті. Карантин шараларын дұрыс сақтамады", - деп атап көрсетті Чеботарев.
Үш сценарий
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстандағы COVID-19 инфекциясының таралуы бойынша алдағы жағдайдың дамуына байланысты үш сценарийді ұсынды.
- Біріншісі – карантиннің жарияламау. Онда тамыздың аяғында күн сайын КВИ жұқтырған 27 мың адам тіркелетін болады. Олардың барлығын ауруханаға жатқызуға тура келеді. Сонда 300 мың инфекциялық және провизорлық орын қажет болады.
- Екіншісі – екіапталық қатаң карантин. Оны көктемдегідей республика бойынша енгізу керек. Сонда күн сайын 7 мың науқас тіркеледі. Ал тамыздың соңында ауруханаларда 80 мың орын жасақтау қажет.
- Үшінші сценарий – төрт апталық жалпыреспубликалық карантин. Соның нәтижесінде тамыздың аяғына қарай күн сайын 2 500 адамды ауруханаға жатқызады. Ал республика бойынша 30 мың орын қажет болады.