Өңірлер

Павлодарлық полицейлер алты айда 5 мың малды айып тұрағына қамаған

Полицейлердің айтуынша, жол көлік оқиғасының туындауына себепкер болған мал иесі қираған көлік үшін жауапты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 30 маусым – Sputnik. Павлодарда иесіз жүрген төрт түлік жол апатына себепкер болып жатыр. Керекулік полицейер осылай дабыл қағуда, деп хабарлайды Астана арнасы.

Қаңғыған малдың кесірінен жол апаты жиілеген. Соңы қайғылы жағдайға ұласқан оқиғалар да аз емес. Өткен жылы бір жылқының кесірінен тұтастай бір отбасы қара жамылған. Түн ортасында болған апаттан ерлі зайыпты көз жұмған. Келіншегі жүкті болған. Дәрігерлер кесар отасын жасап іштегі баланы аман алып қалды.

Апатты жағдай туындатқан мал иесі қираған көлік үшін жауапты екенін ескерткен Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров тұрғындардан төрт түлікті қараусыз қалдырмауды сұрайды

"Иесіз мал – адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін", – дейді тәртіп сақшысы.

Айта кетейік, жыл басынан бері тәртіп сақшылары қараусыз қалған 5 мың бас малды айып тұрағына қамаған.

Малына ие бола алмаған 131 адамға 5 айлық есептік көрсеткіш (1 АЕК – 2 778 теңге) түрінде айыппұл салынды.

Оқи отырыңыз: Павлодар облысында отбасы мінген көлік жантүршігерлік апатқа ұшырады