Қоғам

Коронавирусты емдеу тәртібі өзгерді – ауруханалар қалай босатылады

Егер үш күн бойы жоғары температура болмаса, компьютерлік томография мен ренген кезінде өкпеде оң динамика байқалса пациент амбулаториялық емделуге жіберіледі
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 30 маусым – Sputnik. Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова коронавирус инфекциясын емдеудің клиникалық хаттамасына маңызды өзгерістердің енгізілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, хаттаманы әзірлеген жетекші инфекционистер мен пульманологтар және тағы басқа клиникалық мамандар орташа ауыр жағдайы бар COVID-19 науқастарын инфекциялық стационарға жатқызбай тұрып, алдымен амбулаториялық деңгейде вирусқа қарсы препараттармен емдеуге ұсыныс жасады.

"Денсаулық сақтау министрлігінің сапа жөніндегі бірлескен комиссиясына кіретін мамандардың басым бөлігі мұндай ұсынысты қолдады", - деп жазды Бюрабекова өзінің Facebook парақшасында.

Осылайша, амбулаториялық емделу кезінде гидроксихлорохин мен лопинавир/ритонавир қолданылады.

Бұл дегеніміз, үйде жатып емделетіндер осы дәрі-дәрмекті ішетін болады. Ал ауруханада жатқан науқастарға қазіргі препараттармен бірге фавипиравир де беріледі.

Бүгінде оны Жапония мен Ресейде COVID-19-ға қарсы кеңінен пайдаланып келеді. Ауыр пневмония болса, қолданыстағы терапиямен қоса дексаметазон ұсынылады.

"Бұдан бөлек, үш күн бойы жоғары температура болмаса, ал компьютерлік томография немесе ренген кезінде өкпеде оң динамика байқалса, пациентті амбулаториялық емдеуге, яғни ауруханадан ерте шығаруға шешім қабылданды", - деп атап көрсетті Бюрабекова.

Оқи отырыңыз: Таптырмас ем: құйрық майдың біз білмейтін қандай пайдасы бар?

Айта кетейік, ауруханадан кейін аурудың орташа ауыр және ауыр түрінен жазылғандарды үй жағдайында бақылайды. Бақылау мерзімі жеке-дара белгіленеді.

Ресми мәліметке сәйкес, бүгінгі таңда республика бойынша аурухана орындарының 60 проценті бос емес. Ал Нұр-Сұлтан мен Алматыда осы көрсеткіш 90 процентті құрап отыр.

"348 медициналық ұйымда науқастарды емдеу үшін 26 мың төсек орын қойылды. Тамыздың аяғына дейін стационарларда қосымша 10 мың кереует жасақталады деген жоспар бар. Соның ішіне жан сақтау бөлімдері мен өкпені жасанды желдету аппараттары қойылған интенсивті терапия палаталары да бар", - дейді министр Алексей Цой.