Әлем

Моңғолияның парламентіне үш қазақ депутат болып сайланды

Бәделхан Қабдісіләмұлы парламент сайлауына осымен үшінші рет қатысып отыр, ал Әубәкір Тілеуханұлы мен Бейсен Бұланұлы депутаттықта алғаш рет таласқан
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 29 маусым – Sputnik. Баян-Өлгий аймағының үш қазағы Моңғолияның парламентінің депутаты атанды. Олар 24 маусымда елде өткен парламент сайлауында жеңіп шыққан. Бұл ақпаратты Sputnik Қазақстан тілшісіне жаңадан сайланған депутат, Моңғолияның құрылыс және қала құрылымы министрі Бәделхан Қабдісіләмұлы растады. 

Моңғолияда парламент сайлауы әр төрт жыл сайын өтіп тұрады. Биыл саяси дода 24 маусым күні өтті. 

Бәделхан Қабдісіләмұлының айтуынша, бұл жолы сайлауға шамамен 500-ге жуық кандидат қатысқан. Ал елдің заң шығару органында барлығы 76 орын бар. 

"Соның 62 орнын Моңғол Халық партиясы жеңіп алды. Қалған он бірі Демократиялық партияға тиесілі, қалған үшеуі басқа партиялар мен өзін-өзі ұсынғандар", - деді депутат Sputnik Қазақстан тілшісіне. 

66 жастағы Бәделхан Қабдісіләмұлы сайлауға Баян-Өлгий аймағынан, Моңғол Халық партиясының атынан қатысқан. Жалпы аймақтан үш депутаттық мандатқа 15 үміткер таласты. Үш қазақ жеңіп шыққан. 

Бірінші орынды Бәделхан Қабдісіләмұлы, Моңғол Халық партиясы, екінші орынды Әубәкір Тілеуханұлы, ол да осы партиядан, ал үшінші орынды Бейсен Бұланұлы, Демократиялық партия иеленген. 

"Мен парламентке осымен үшінші рет сайланып отырмын. Бұған дейін сайлауға 2008 және 2016 жылдары түстім. Ал Әубәкір мен Бейсен алғаш рет сайланды. Әубәкірдің жасы 44-те, кәсіпкер, ал Бейсен, қателеспесем, 58 жаста, дәрігер", - деді қандасымыз. 

Моңғолияның парламентіне үш қазақ депутат болып сайланды

Бәделхан Қабдісіләмұлы 2017 жылдан бері Моңғолияның құрылыс және қала құрылымы министрі қызметін атқарады. Айтуынша, бұған дейін республикада депутат пен министр лауазымын қатар алып жүруге рұқсат етілген. Алайда жуырда Ата заңға өзгерістер енгізілген. Енді қандасымыз тек парламент депутаты ғана болады. 

Қабдісіләмұлы 2000-2005 жылдары Баян-Өлгий аймағын да басқарған. Төрт қыз, бір ұлдың әкесі. 

Қазақ депутат парламенттің бірінші сессиясының ашылуын басқарады 

Моңғолия парламентінің жаңа мүшелері сайлау комиссиянан ресми куәліктерін алған. Бүгін-ертең ел президенті сайлау қорытындысымен танысып, саяси доданың әділ өтіп-өтпегенін тексереді. Тек осыдан кейін ғана парламенттің бірінші сессиясы ашылады. 

"Заң бойынша сайланған депутаттардың ішінде ең жасы үлкені бірінші сессияның ашылуын басқарады. Бұл жауапты міндет маған жүктеліп отыр. Жиында парламенттің жаңа басшысын дауыс беру арқылы сайлаймыз. Бұдан бөлек, оның орынбасары, тұрақты комитеттердің басшылары таңдалады. Мен отырысты бастап беремін, парламент төрағасы сайланғаннан кейін, сессияларды өзі басқарады", - деп түсіндірді ол. 

Заң бойынша Моңғолия парламентіне жасы 25-тен асқан, соңғы бес жылда ел аумағында тұратын Моңғолия азаматтары қатыса алады. 

Қандасымыз коронавирус пандемиясы парламент сайлауын өткізуге кедергі келтірмегенін атап өтті. Республикада қаңтар айынан бастап төтенше жағдай жарияланған, бірақ вирус жұқтырғандар мүлде тіркелген жоқ, дейді Қабдісіләмұлы.