АЛМАТЫ, 29 маусым – Sputnik. Қазақстандық кинорежиссер, актер әрі продюсер Ақан Сатаев тұңғыш қызы Мәриямды құтты орнына қондырды. Бұл жайында режиссер Instagram парақшасында хабарлады.
"Алланың қалауымен үлкен қызымыз Мәриямның мешітте некесін қиып, күйеу баламызға аманат етіп, табыс еттік. Елдегі жағдайды ескере отырып, үлкен тойсыз, тек құдаларымызбен қарапайым дастархан жайып, Сүннет бойынша жастардың қалауын орындауға тырыстық", - деп жазды ол.
Ақан Сатаев пен Назира Бақаеваның бес баласы бар. Тұңғыш қызы Мәриям 28 мамырда 21 жасқа толды. Жас актрисаның таңдауы Nomad Stunts каскадері Есболат Әбдіберікке түсті.