Өңірлер

Жамбыл облысында қар жауды: желіде тараған видеоға қатысты мамандар түсініктеме берді

Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет мамандарының айтуынша, бұл қалыпты жағдай ретінде бағаланады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 28 маусым – Sputnik. 28 маусымға қараған түні Жамбыл облысының таулы аймағында қар жауды.

Әлеуметтік желілерде кеңінен таралған бейнероликке қатысты түсініктеме берген төтенше жағдайлар жөніндегі комитет мамандары өткен түнде Жамбыл облысында қар қатты жауғанын растады. 

Бейнеролик авторының айтуынша, түсірілімді 27 маусымнан 28 маусымға қараған түні Жамбыл облысының Меркі тауында жүргізген. Видеода қардың жапалақтап жауып тұрғаны анық көрінеді. 

"Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет өңірде қар жауғанын растайды және бұл аймақ үшін ауа райының осылай құбылуы қалыпты жағдай. Қар жауған жер Меркіден шамамен 80 шақырым жердегі Қырғызстанмен шектесетін шекаралық аймақ. Екі мың метр биіктікте орналасқан", - деп хабарлады Sputnik Қазақстанға ведомствоның баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, мамандардың айтуынша түнімен жапалақтап жауған қар тез еріп кеткен.