Әлем

Ресейде оқып жатқан шетелдік жастар өз жетістігі туралы айтты

ТМД мен Грузия студенттері ресейлік білім оларға өз ісін бастауға, махаббатын кезіктіріп, ауруды жеңуге және COVID-19 дертінен адам өмірін арашалап қалуға көмектескені жайлы Sputnik-пен бөлісті
Sputnik

Отыз жылдан бері Ресейде 27 маусымда Жастар күні аталып өтеді. Алайда, РФ жастары – ресейліктер ғана емес. РФ Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің мәліметі бойынша, бүгінде Ресейде 297 мың шетелдік азамат біліп алып жатыр.

Зайниддин Абдулқасымов: Ресейде медицинаға деген қызығушылығым арта түсті

Зайниддин Абдулқасымов Ресейге Қырғызстаннан келген. Бүгінде ол Башқұрт мемлекеттік медицина университетінің үздік түлектерінің бірі. Ол сырт елден келген кей азамат үшін жаңа мемлекетте қоныстану әрі медицина факультетінде оқу қиын болатынын жақсы түсінді. Сондықтан Зайниддин студенттерге көмек көрсету туралы шешім қабылдап, "Адам анатомиясы" үйірмесін жүргізе бастайды.

"Медициналық мамандықта ақпарат көлемі әркез ауқымды, - дейді ол. - Кейбір студенттерге қиын болады. Сондықтан, біз теорияны тереңдете түсіндіреміз және тәжірибені тағы пысықтаймыз".

Ресейде оқып жатқан шетелдік жастар өз жетістігі туралы айтты

COVID-19 пандемиясының Ресейде өршіп тұрған шағында Зайниддин Уфа коронавирус емханасына көмектесуге аттанды. Алайда, оның айтуынша, бұл әрекетте тұрған еш батырлық жоқ, себебі, ол – болашақ дәрігер.

"Әрине, біршама қорқыныш болды, - дейді Зайниддин. – Денсаулықққа қауіп төніп тұрғанын түсінесің. Әрі обаға қарсы қорғаныш костюмімен 6 сағаттап жұмыс жасау да оңай емес".

Ол ынтымағы жарасқан ұжым мен сауығып жатқан емделушілер барлық жайсыз жағдайларды жуып-шайғанын атап өтті.

Зайниддин жасы 70-ке жуықтаған қарт адамға қатты таңғалғанын айтады:

"Оның жағдайы ауыр болатын, реанимациядан бір-ақ шықты... Бірақ, қалжыңдап отыратын. Расымен де, адамның ниетіне көп нәрсе тәуелді. Оның беті бері қарап, терапия бөліміне ауыстырылды".

Зайниддин болашақ мамандыққа деген махаббаттың қалыптасуына университеттің ықпалы зор екенін айтады.

"Ұстаздарға шексіз ризамын. Олар менің медицинаға деген қызығушылығым арта түсуі үшін барлығын жасады", - дейді ол.

Зарэ Геворкян: Арменияны жақсы жағынан көрсеткім келеді

Зарэ Геворкян да коронавируске шалдыққандарға көмек қолын созған. Тек Мәскеуде, Федералдық ми және нейротехнология орталығында. Зарэ Н.И.Пирогов атындағы медицина университетінің COVID-19-пен күресуге кіріскен алғашқы студенттерінің бірі. Ол әзілдеп ми орталығындағы әрбір ауысымды "алшақтау аумағы" деп атайды.

"Ең қиыны – сені не күтіп тұрғанын түсінбеу болды, - дейді ол. - Жаңа ауру, костюм киіп, жансақтау бөліміне кіресің. Қиын, бірақ, кезекті емделушіні жасанды тыныс алу аппаратынан ағытқан  кезде қиындықты ұмытасың. Себебі, сен оны аман алып қалумен қатар, отбасына қайтардың. Ең бастысы – бұл көптеген адамның еңбегі. Мұны барлығы бірігіп жасады. Аурухана басшылығы бізге үлкен қаморлық көрсетті".

Ресейде оқып жатқан шетелдік жастар өз жетістігі туралы айтты

Зарэ бұған дейін Ресей хирургия ғылыми орталығының бүйрек алмастыру бөлімінде медициналық қызметкер болып жұмыс атқарған.

"Ол жақта емделушілердің халі ауыр. Жаңа бүйректі ағза қабылдауы үшін олар ауруханада ұзақ уақыт жатады. Бауыр басып қаласың. Әр күн – олар үшін күрес. Бүйрек алмастыру кезегінде үш жыл тұрған бір ер адам болды. Қазір жағдайы жақсы. Кейде хат алмасып тұрамыз", - дейді ол.

Зарэнің дәрігер болуына терапевт анасы ықпал еткен. Сондықтан, оқуына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Алты жыл бойы конференцияларға қатысып, олимпиадаларда жүлделі болған. Нәтижесінде, Мәскеу билігінің атаулы стипендиясы мен қызыл диплом қанжығасында. Сондай-ақ, ол университеттегі жерлестер ұйымына жетекшілік етеді.

"Дұрыс жоспарласа, кез-келген іске уақыт табуға болады. Жылына бір рет университет халықтарының фестиваліне қатысып, концерт қоямыз, жұртты ұлттық асханамен таныстырамыз. Арменияны жақсы жағынан көрсеткім келеді", - дейді ол.

Виктория Гветадзе: нағыз грузин қызы ретінде шарап жайлы диссертация қорғамақпын

Виктория Гветадзе мектеп қабырғасында жүрген кезден Ресей халықтар достастығы университетінде білім алуды армандаған және осы мақсатына жету үшін барлығын жасады – бюджеттік негізде оқуға түсіп, француз тілін меңгерді. Себебі, бойжеткен ерекше бағдарламаны таңдаған. Жарты жыл бойы оқу Францияда өткен.

Ресейде оқып жатқан шетелдік жастар өз жетістігі туралы айтты

"Менің студенттік өмірім қызыққа толы болды, - дейді Виктория. – Конференциялар, Ресей ынтымақтастығының іс-шаралары, Горчаков қоры достарының клубы. Сондай-ақ, мен Грузия жерлестері қауымдастығының старостасы мен президенті болдым".

Қазір Виктория Ресей-Грузия қарым-қатынасын жандандыру қорында жұмыс жасайды. Диссертация жазып жатқаны тағы бар. Өзінің әзілдеп айтуынша, нағыз грузин қызы ретінде диссертациясын шарап тақырыбына арнаған.

Әділ Ермек: ресейлік білім мені шыңдады

Қазақстандық Әділ Ермек түрлі олимпиадалар мен байқаулардағы жеңістерінің арқасында МИФИ ҰЯЗУ білім ордасына оп-оңай түсе алар еді. Бірақ, ол қиын жолды таңдап, өзгелер секілді оқуға түсу емтиханын тапсырған.

"Мен бағдарлама жасау факультетіне түсе алар едім. Бірақ, менің қалауым физика еді, - деп түсіндіреді ол. - Бала кезден инженер болуды армандадым".

Ол физиканы Мәскеуде оқығысы келген.

"Ресейдегі білім болашақтағы қызмет жолында қажетті мықты базаны бере алады, - дейді ол. - МИФИ-де оқу қиын. Оқудан шығып қалмау оңай шаруа емес. Алайда, бұл білім ордасы маған ең қиын мәселелерді шешуді үйретті. Мен өз мақсатыма жететінімді білемін. Себебі, университет мен шыңдай түсті".

Әділдің сөзі - шындық. Себебі, ол бірінші курстың өзінде физика бойынша бүкілресейлік олимпиаданың жеңімпазы атанған. Қазір өзі ұстаз.

Ресейде оқып жатқан шетелдік жастар өз жетістігі туралы айтты

Ол бірнеше жыл бұрын білім беру порталын жасап, балаларды физика мен математикаға онлайн оқытуды қолға алған.

"Бір жолы маған Атырау қаласынан бір жасөспірім хабарласып, Новосібір қаласындағы оқуға дайындауын өтінді. Мұндай мысал өте көп. Кейде арнайы мектепке түскісі келетін алтыншы сынып оқушылары жазады, - дейді Әділ. - Әрине, менің оқушыларым діттеген білім ордасына түсіп жатса, қатты қуанамын. Бірақ, бұл менің емес, алдымен, өздерінің еңбегінің арқасында жүзеге асқанын естеріне салып тұрамын".

Самира Мұстафаева: мен кез келген жағдайда бейімделе аламын

Ресей мен Әзербайжандағы танымал гимнаст Самира Мұстафаева қиғылығы көп бала болып өскенін айтады.

"Пайдалы астың орнына тәттіні көп жейтінмін, бапкерлердің айтқанына құлақ аспаушы едім", - деп еске алады ол.

Бірақ, бірнеше жылға созылған жаттығулар нәтиже әкелмей қоймады. Қазір Самира бірнеше дүркін әлем чемпионы, П.Ф.Лесгафт атындағы дене шынықтыру университетінің түлегі, фитнес-студиялар желісінің негізін қалаушы.

Ресейде оқып жатқан шетелдік жастар өз жетістігі туралы айтты

Басқа компанияларға қарағанда, Самираның студиялар желісі пандемия кезіндегі дағдарысқа төтеп бере алған. Оған Ресей мен Әзербайжандағы спорт жетістіктерінің ықпалы жоқ емес.

"Үлкен спорттан бірден бизнеске келдім. Мен кез келген жағдайға бейімделе аламын, - дейді ол. – Сондықтан, карантин кезінде бірден онлайн-жаттығуды іске қостық. Спортта сенің артыңда үлкен команда тұрады. Сенің жеңісің – олардың да жеңісі. Сондықтан, қызметкерлерге карантинде қол ұшын созу мен үшін маңызды болды".

Сардор Содиков: Ресейде білім ала жүріп, Өзбекстандағы ғылымды дамытудамын

Өзбекстандық Сардор Содиков – Экономика жоғарғы мектебінің мақтанышы. Себебі, ол алмаған грант пен стипендия жоқтың қасы.

"Мен ғылыми жұмыстар үшін жоғарғы стипендияны, Jaguar Land Rover атынан Game Changer стипендиясын, Оксфор стипендиясы мен президент стипендиясын алдым»", - деп тізбектеді ол.

Сардордың айтуынша, бұл жеңістерде айтарлықтай ештеңе жоқ.

"Мен мұнда білім алуға келдім емес пе? – дейді ол. - Сондықтан, бұл мүмкіндікті жіберіп алу ақымақтық болар еді. Жоғарғы мектепте испан тілін меңгеру мүмкіндігін қалт жібергім келмеді".

Қазір Сардор аспирантурада оқып жатыр. Бір кездері ол ғылыми жұмысты өз қызметімен бірге алып жүрген. Алайда, оған "лимфома" диагнозы қойылады.

Ресейде оқып жатқан шетелдік жастар өз жетістігі туралы айтты

"Күйзеліске түскен жоқпын, - деп мойындайды Сардор. - Әр адамның психологиясы әртүрлі. Маған ойымды басқа арнаға бұру қажет болды. Мен зерттеу жобасымен айналыстым. Бұл іс маған энергия беретін".

Сардордың бұл стратегиясы оң нәтиже беріп, ол аурудан айығып шығады. Қазір Өзбекстанда жағажай волейболы қауымдастығын құру жобасы бойынша жұмыс жасауда. Бұл идеяға Бүкілресейлік волейбол федерациясы қызығушылық танытып отыр.

Сардор Содиков Орталық Азияның экономикалық процестерін меңгеріп жатыр. Ол бұл тәжірибе туған еліне септігін тигізетіне кәміл сенеді.

Гурдофарид Сангин: мен Тәжікстан туралы стереотипті бұзамын

Гурдофаридтің айтуынша, ол тоғызыншы сыныпта оқып жүрген кезде Санкт-Петербургке саяхаттап келіп, осы қалаға ғашық болып қалады. Ол уақыты келгенде осында білім аламын деп өзіне іштей уәде еткен.

"Осылайша менде айқын мақсат пайда болды, - дейді бойжеткен. – Мен көптеген олимпиадаларға қатысып, Худжанд мэрінің стипендиясын да жеңіп алдым. Ресей ынтымақтастығының бағдарламасы бойынша Мечников атындағы СБММУ-ге оқуға түстім".

Ресейде оқып жатқан шетелдік жастар өз жетістігі туралы айтты

Гурдофаридтің білім алып жатқанына небәрі бір жыл болса да, ол Тәжікстан туралы стереотипті пікірлерді бұзып үлгерді. Адамдар оның орыс тілінде акцентсіз сөйлеуі мен ғылыми жұмысына таңғалады. Бойжеткен Сырдария өзенін тазалау бойынша жоба әзірлеп, оның жағалауында табылған қалдықтарды қайта өңдеу акциясын ұйымдастырған. Қазір Гурдофарид Тәжікстан ғылымы шағын академиясының мүшесі.

"Бір кезде маған: "О, сен орыс тілінде тамаша сөйлейсің. Біз тәжіктер тек құрылыс алаңында жұмыс жасайды деп ойладық" деген. Мен бұл сөзге ренжіген жоқпын, - дейді ол. - Мен айналамдағыларға тәжік асханасының дәмін ұсынамын. Университетте түрлі ұлт өкілдері болғандықтан, біз бір-бірімізден би үйреніп, мерекелерді бірге атап өтуді дәстүрге айналдырды".