НҰР-СҰЛТАН, 27 маусым – Sputnik. Елорда әкімі Алтай Көлгінов медициналық мекемелердің жетекшілеріне бірқатар тапсырма берді.
Алтай Көлгінов Instagram-дағы парақшасында пациенттермен кері байланысты күшейту қажеттігін хабарлады. Бұдан бөлек, әрбір симптомсыз науқасты бақылауда ұстау керек.
"Егер ауру белгілері анықталса, науқастар ауруханаға жатқызылады. Симптомсыз тасымалдаушылар өзін-өзі оқшаулауы керек. Сыртқа шығуға болмайды. Барлық зертхана, емхана және стационарлардың базасын бірыңғай базаға біріктіру керек. Мысалы, науқастың ПТР-тесті оң нәтиже көрсетсе, дерек ол тіркелген емханаға тікелей түседі. Әрі қарай дәрігер алгоритмге сәйкес науқаспен жұмыс істейді", - деп жазды ол.
Сонымен қатар, қала әкімі тұрғындар жедел жәрдем шақыра алатын телеграм-боттың (@ns103bot) және call-орталықтың сапалы жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.
"Ахуал орталығы жұмысын күшейтеді. Науқастар топталып қалмау үшін қызметкерлер КВИ бар науқастарды стационарларға таратады", - деді ол.
Көлгінов фармкомпанияларға қысқа мерзімде қаланың дәріханаларына медициналық дәрі-дәрмектерді жеткізу мәселесін шешу қажеттігін айтты.