Қоғам

Коронавируспен жеңіл ауыратындарды екіге бөлетін болды – министр кеңесшісі

Бүгінде республика бойынша симптомсыз және жеңіл ауыратындарды тіркейтін 465 мобильді топ жұмыс істейді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 26 маусым – Sputnik. Денсаулық сақтау министрінің кардиология бойынша кеңесшісі Махаббат Бекбосынова коронавирус жұқтырғандарды емдеу тәртібі қалай өзгергенін айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министр кеңесшісі коронавируспен жеңіл ауыратындарды екі топқа бөлу туралы шешім қабылданғанын айтты.

"Олар – пневматикалық және пневматикалық емес формалар. Мәселен, коронавируспен жеңіл ауыратын пневматикалық науқастарға компьютерлік томография жасағанда пневмония анық көрініп тұрады, өкпенің 30 проценті қабынып кетеді. Ал пневматикалық емес науқастарда ондай симптомдар жоқ", - деді Бекбосынова бүгінгі онлайн брифингте.

Оның айтуынша, бүгінде әлем бойынша коронавирус жұқтырғандардың 80 проценті – симптомсыз науқастар. Оларда ауру белгілері болмайды. Өздерін сау адам ретінде сезініп жүреді.

Қазіргі кезде амбулаториялық мекемелерде арнайы мобильді топтар құрылған. Республика бойынша 465 топ жұмыс істейді. Олардың негізгі мақсаты – симптомсыз және жеңіл ауыратындардың бәрін тіркеу.

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанның бас дәрігері коронавирусқа байланысты үндеу жасады

"Бүгінде скрининг, я болмаса, тест тапсырғанда коронавирус анықталады. Бірақ ешқандай симптом болмайды. Ондай адамдар – симптомсыз науқастар. Сосын аурудың жеңіл түрі бар. Ондай науқастардың барлығы бірден оқшаулануы тиіс. Соның арқасында инфекцияның таралуына жол берілмейді. Бүгінде шамамен 15 мың адам симптомсыз науқас ден танылса, 2 мыңдай адам коронавирустың жеңіл түрімен ауырып жүр", - деп атап көрсетті Бекбосынова.