Қоғам

"Біз емес, коронавирус кінәлі": Қазақстанда әскерге шақыру қалай жүріп жатыр

Sputnik Қазақстан тілшісі Алматыда пандемия кезінде әскерге шақыру комиссиясының жұмысы қалай өзгергенін, жастар не себепті әскерге баруға ұмтылатынын және күзгі әскер қатарына шақыру қашан өтетінін білді
Sputnik

АЛМАТЫ, 25 маусым – Sputnik, Александр Мироглов, Айгерім Таубай. Алматы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Амантай Өсербаев Sputnik Қазақстан тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында коронавирус пандемиясы кезінде қарулы күштер қатарына шақыру ерекшеліктері туралы айтты.

- Қазақстанда 2020 жылдың наурызында енгізілген төтенше жағдай режимі және одан кейінгі карантин шаралары әскерге шақыру комиссиясының жұмысына елеулі түзетулер енгізді. Бұл жағынан қандай қиындықтармен бетпе-бет келдіңіздер?

- Әскери қызметке шақыру заңды қатаң түрде сақтап жүргізіледі, алайда пандемия біздің жұмысты қиындатып жіберді. Ең басты талап – коронавирус жұқтырған адамдардың әскерге түспеуі. Ол үшін жергілікті атқарушы органдармен кешенді іс-шаралар қабылданды.

Ең алдымен, шақыру пункттеріне келген кезде дене қызуы өошенеді. Бұл міндетті түрде жасалады. Шақыру нысанына кіретін кез келген адамның дене қызуы тексеріледі. 

"Біз емес, коронавирус кінәлі": Қазақстанда әскерге шақыру қалай жүріп жатыр

Екіншіден, медициналық комиссиядан өтетін кезде врач-инфекционистпен әңгіме жүргізіледі. Туыстарының арасында коронавурс жұқтырғандар немесе инфекция жұқтырғандармен байланыста болған адамдардың бар-жоғы нақтыланады, шетелге шыққаны жайлы сұрайды.

Үшіншіден, әскерге шақыру нысандарында күніне екі рет дезинфекция жасалады. Бастапқыда оны қаланы зарарсыздандыруға қатысқан әскери қызметшілер жүргізді. Содан кейін біз олардан нұсқаушыларды шақырдық, олар біздің жеке құрамды үйретті, енді біз өз күшімізбен дезинфекция жүргізіп жатырмыз. Оның да өзіндік қиындықтары бар, себебі бөлмені дезинфекциялағаннан кейін ішінде біраз уақыт отыруға болмайды. Сол себепті ғимараттың бір бөлігін тазартып жатқанда, жеке құрам басқа бөлікте жұмыс істейді. Солай ауысып отырады.

"Біз емес, коронавирус кінәлі": Қазақстанда әскерге шақыру қалай жүріп жатыр

Жеке қорғаныс құралдарына келетін болсақ, әкімдік әскерге шақырылғандар мен комиссия мүшелерін толық қамтамасыз етіп отыр. Ал жеке құрамды қорғаныс министрлігі қамтамасыз етеді. Ортақтандырылған. Яғни, жеке құрамға қауіп төнбес үшін толық қамтамасыз етілген.

- Коронавирустың таралуына байланысты уақыты ұзартылған, одан кейін кейінге қалдырылған көктемгі шақыру қай кезеңде тұр?

- Міндетімізді орнымен атқарып жатырмыз. Шекара қызметінің бөлімдерін жасақтауды аяқтадық деп айта аламын. Қазір Ұлттық гвардияның бөлімдері жасақталып жатыр.

Ұлттық қорғаныс университетіне әскери-ғылыми взводқа алғашқы үміткерлерді жібереміз. Бізге министрлік өкілдері келді. Біз оларға кандидаттарды ұсындық. Адамдардың көп шоғырланбауы үшін олар аудандық әскери комиссариатқа барды.  Әскерге шақырылғандарға алдын ала уақыт белгіленіп, олардың әрқайсысымен әңгімелесу жүргізілді және қатаң іріктеу нәтижесінде төрт адам таңдап алынды. Олардың барлығы жоғары білімді және ІТ-мамандығын алғандар.

Қазір біз Алматы қаласы бойынша көктемгі шақырудың дәл ортасында тұрмыз. Белгіленген бір жарым мыңнан адамның 800-ге жуығы шақырылды.

"Біз емес, коронавирус кінәлі": Қазақстанда әскерге шақыру қалай жүріп жатыр

Шілдеде қорғаныс министрлігінің бөлімдеріне жинақтауды бастаймыз. Белгілі бір талаптар мен параметрлер бар. Қорғаныс институтының ғылыми взводы үшін негізгі параметр – әскерге шақырылғандардың интеллектуалдық қабілеті. Ал десанттық-шабуылшы әскерлер үшін – денсаулық, дене дайындығы және бойшаң болу секілді параметрлер бар. Оған бойы 170 сантиметрден ұзын сарбаздар түседі.

- Әскерге шақырылушылар жіберу алдында коронавирус сынақтарынан өтеді ме?

- Басты міндет – коронавирусты жұқтырған адамдарды Қарулы күштерге жібермеу. Егер әскери бөлімде инфекция жұқтырған бір адам түсетін болса, онда карантинге жабылады. Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің ұсынысы бойынша әскерге шақыру пункттерінде ПТР-тестілеуді өткізбейміз. Ол әскери бөлімге келгеннен кейін өткізіледі. Сонымен қатар әскерге шақырылғандардың барлығы бөлімге келгеннен кейін екі апта карантинде болады. Жауынгерлік дайындықтың қандай да бір бөлігінің зардап шегуіне жол беруімізге болмайды. 

- Қазір әскерге шақыру қандай жағдайда кейінге қалдырылады? Заң бойынша кімдерге рұқсат етілген, қандай да бір адамдардың тобы бар ма?

- Қазір педагогқа ондай мүмкіндік беріледі, бұрын бұл заңда қарастырылмаған болатын. 2019 жылға дейін бұл тізімге ауылдық жердегі педагогтар ғана кірді. 2020 жылдан бастап заңға өзгеріс енгізіліп, бұл барлық педагогқа қатысты болып отыр.

Құқық қорғау органдарының оқу орындарында бастапқы даярлықтан өткендерге де кейінге шегеру мүмкіндігі беріледі. Қарулы күштерге шақыру кейінге қалдырылған өзге санаттар әскери қызмет туралы заңда көрсетілген.

- Ата-аналар тарапынан баласының мектепті немесе колледжі жаңа бітіріп, жоғары оқу орнына түсуге ниетті екеніне қарамастан, әскери комиссариатқа шақыру қағазы келіп жатқаны жайлы әңгіме жиілеп кетті. Бұл немен байланысты туындап отыр?

- Осы жағдайды пайдалана отырып, әскерге шақырылғандардың ата-анасына үндеу жасағым келеді. Иә, мектеп пен колледжді бітірген 18 жасқа толған баласы жөнінде хабарласатындар бар. 

Заңға сәйкес, 18 жасқа толған соң олар Қарулы күштер қатарына шақырылады. Олардың әскерге келуін кейінге қалдыру мерзімі 30 маусымға дейін ғана мүмкін болады. Бұл туралы анықтамалары бар. Бұған дейін 30 маусымда көктемгі шақыру аяқталатын еді. Шілде-тамыз айында олар уайымдамай ҰБТ-ны тапсырып, оқуға түсетін. Ал оқуға түспей қалғандар, күзде әскер қатарына қосылатын. 

Биыл жағдай басқаша болып отыр. Осыған байланысты президент жарлығымен ТЖ кезінде шақыру мерзімін өзгертуге мәжбүр болдық. Яғни, тамызға дейін создық. 18 жасқа толған және 30 маусымға дейін кейін шегеру туралы анықтамасының мерзімі өткендер әскерге шақырылуға міндетті. Олар мектеп оқушысы емес, сонымен қатар оқу орнының студенті де емес, себебі қабылдау туралы бұйрық әдетте тамыз айының соңында пайда болады. Сол себепті биыл олар шілде-тамыз айында осындай шақыру кезеңіне түседі.

Қазір көбісі бізге хабарласып, оқуға түскісі келетіндерін айтады. Біз ол жағдайды түсінеміз, алайда заңға сәйкес, біз оларды шақыруға міндеттіміз. Дәл қазір оларды әскер қатарына шақырмауға ешқандай заңнамалық кедергі жоқ. Біз заңды орындауға мәжбүрміз, соған сәйкес шақырылып отыр.
Кейінге қалдыру жайлы барлық мәселені мен немес әскери комиссариат емес, шақыру комиссиясы шешетінімді түсіну қажет. Аудандар бойынша комиссияның төрағасы – аудан әкімінің орынбасары, қалада – қала әкімінің орынбасары. Медициналық комиссияның төрағалары да қарапайым адамдар – аудандық денсаулық сақтау бөлімдерінің бастықтары.

 

"Біз емес, коронавирус кінәлі": Қазақстанда әскерге шақыру қалай жүріп жатыр

 

Жергілікті әскери басқару органдарының қызметкерлері техникалық міндеттерді шешеді. Біз құжаттарды, жеке істерді дайындап, шақыру туралы хабарлаймыз. Ал әрбір нақты жағдай бойынша шешімді комиссия қабылдайды. Ал қазір ата-аналар өтініш берген кезде, мен оларды шақыру комиссиясының төрағасына жіберемін, себебі мен мұндай шешім қабылдай алмаймын.

Осындай жағдайға тап болдық. Оған біз де, ата-ана да, әкімдік те кінәлі емес. коронавирус кінәлі. Ол қазір тек қоғамның өміріне ғана емес, жұмысымызға да әсер етіп жатыр.
Бізде міндетті түрде орындалатын жоспар бар.

- Биыл Алматыда әскерге шақырылғандар қайда қызмет етеді? Қай аймаққа жіберіледі?

- Батыста Ақтаудан шығыста Аягөзғе дейін – бүкіл ел бойынша жібереміз. Барлығы тәртіпке сәйкес жүргізіледі. Шекара қызметі жасақталғанда, теміржол көлігі әлі жұмыс істемеген еді, олардың өкілдеріне көлікпен келіп, шақырылғандарды өздері апарды. Алайда қазір темір жол қызметі қайта іске қосылды, бұл жағынан мәселе жоқ.

- Көктемгі шақыруды күздің басына ауыстыруға кім әсер ете алады?

- Күзгі шақыруға келетін болсақ, ол белгіленген мерзімде өтеді, яғни әдеттегідей 1 қыркүйекте басталады. 31 тамызда көктемгі шақыртуды аяқтаймыз және келесі күні, 1 қыркүйекте, күзгі шақыруды бастаймыз.

Әрине, биыл көктемгі шақыру күзге қарай жылжиды. Алматыда аздаған үзіліс болады, өйткені біз 31 шілдеде шақыруды аяқтаймыз. Республика бойынша ол тамыз айында да өтеді. Яғни, біз жеке құрамға біраз демалып, шақыру пункттерін дайындау үшін уақыт беріледі: жөндеу жүргізілп, дезинфекция жасалады.

Коронавирустың екінші және үшінші толқыны туралы естіп жатырмыз. Бірақ осы көктемде біз тәжірибе жинадық, сондықтан бекітілген алгоритмге сәйкес жұмыс істейміз. Шамамен 15 қыркүйекте күзгі әскерге шақырылғандарды әскер қатарына жіберуді бастаймыз. Шамамен 1 500 адамды күзде әскерге жіберуді жоспарлап отырмыз. Келісімшарт бойынша жұмысқа қалатындарды есептеп, шамамен 100-200 адам аз немесе көп болуы мүмкін.

- Әскерге шақырылғандар саны жағынан мәселе бар ма?

- Жоқ. Жинақтау жүйесі аралас, сол себепті әскерге шақырылғандар саны жеткілікті. Ең алдымен өз еркімен әскерде қызмет еткісі келетіндерді алуға тырысамыз. Мұндай адам көп. Біріншіден, олар Отан алдындағы борышты өтеу қажет екенін біледі. Екіншіден, әскерде қызмет ету болашақта қажет болатынын ескереді. Жедел қызмет жастарға келісімшарт жасасып, қызметке қалуға, құқық қорғау органдарына жұмысқа тұруға мүмкіндік береді.

Қазір мемлекет те әскери қызметшілерді әлеуметтік қамтамасыз ету саласында көп дүние жасап жатыр. Тұрғын үй мәселесі жүз пайызға шешілді: егер адамның өз баспанасы болмаса, оған мемлекет жалға алған пәтері үшін өтемақы төлейді. Медициналық қызмет те барлық гарнизонда тегін көрсетіледі. Тек әскери қызметшілерге ғана емес, олардың отбасы мүшелеріне де қызмет көрсететін медициналық мекемелер бар. Бұл да маңызды факторлардың бірі. Сонымен қатар егер адам келісімшарт арқылы қызмет етіп, белгілі бір уақыт сол жерде қызмет атқарса, әрі қарай оқуға түскісі келсе, мемлекет оған оқу құнының 50%-ін төлейді.бұл адамдарды әскер қатарына келуге ынталандырады және біраз адам осы мүмкіндікті пайдаланады. Келісімшарт арқылы жұмыс істейтіндердің арнайы орта білімі болса, олар сырттай оқуға түсіп, жоғары білім ала алады.

- Жақында мемлекет басшысы қорғаныс министрлігіне бірқатар міндет қойды. Оның ішінде жедел қызмет кезінде мамандық алу мүмкіндігі туралы да бар.

- Бас Қолбасшы-президент Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс және білім министрліктерінің алдына бір жылға әскерге шақырылғандардың мамандық алу мүмкіндігіне ие болу міндетін қойды. Мысалы электрик, механик немесе басқа мамандықты алу. Оларға кейін міндетті түрде әскери қызмет атқарудың қажеттілігі болмайды. Әскерден кейін ол мамандық қажет болады. Біз бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз.

Тағы бір бағыт – қорғаныс министрлігі есебінен әскери-техникалық мамандарды даярлау. Қазір 30 адамнан тұратын взводты жинақтадық. Олар жүргізуші куәлігін алады. Үш ай оқып, "В" және "С" категорияларын алып, содан кейін әскерге барады.

Оқу кезінде үй-жайы, тамағы мен киім-кешегі қамтамасыз етіледі. Жүргізуші куәлігін алады. Қазір "С" категориясын тек 21 жылдан бастап алуға болады. Ал балалар әскери комиссариаттың жолдамасы бойынша оны 18 жасында алады, яғни олар дайындықтан өтеді. Адам әскерде қызмет етіп, одан кейін өмір жолдары ашық болады. Яғни, жүк салмағы үш тонна және одан да көп көліктің рөліне 21 жасқа толмай-ақ отыра алады.

- Көптеген адамның келісімшарт арқылы қызмет ететінін айтып қалдыңыз. Қандай да бір талдау жаалған болар, әскере шақырылғандардың қанша бөлігі келісімшартпен қалады?

- Алматы бойынша бұл шамамен 30%. Кейбірі кейіннен жұмсытан шығып, әскери комиссариатта есепке алынады, өмірін әрі қарай қалауға кіріседі. Егер ештеңе жасай алмаса, қайта келеді. Олардың өзі қызмет еткен бөлімге баруы міндетті емес. яғни, үш мыңға жуық әскерге шақырылғанның бір жыл ішінде 400-500 адамға жуығы өтініш жазып, келісімшартпен әскери бөлімдерге жіберіледі. Бұл тек қорғаныс министрлігі бөлігінде ғана. Сонымен қатар шекара қызметі, ұлттық ұланға келісімшартпен қабылдау жүреді. Жалпы алғанда жылына мыңға жуық адам әскери қызметте қалады.

- Берген ақпаратыңызға көп рахмет!