Экономика

Қазақстан бюджетіне Google-салықтан қанша ақша түседі – министр жауабы

Үкімет қазақстандықтарға қызмет көрсететін шетелдік интернет компанияларды қосылған құн салығын төлеуге міндеттеуді ұсынып отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 24 маусым – Sputnik. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов шетелдік интернет компанияларға салынатын қосылған құн салығынан бюджет кірісі қаншаға ұлғаятынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мәжілісте салық салу және инвестициялық ахуалды жетілдіру мәселелері туралы заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.

Құжатта қазақстандықтарға қызметі мен тауарларын электронды түрде өткізетін шетелдік интернет компанияларды қосылған құн салығын төлеуге міндеттеу нормасы бар.

Талқылау барысында депутат Фахридин Қаратаев осы Google-салықтан бюджеттің кіріс бөлігі қаншаға ұлғаятынын сұрады.

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, бұл жаңашылдық тек шетелдік интернет компанияларға қатысты, қазақстандық заңды және жеке тұлғалар төлемейді.

"Қызметтер көлемі үлкен емес болғандықтан, қосымша құн салығы жылына 2 миллиард теңгеге бағалануда. Бірақ егер, қызметтер көлемі өссе, салық көлемі де артады. Біз оны бақылаймыз", - деді Дәленов.

Ол бұл норма шетелдік компанияларға Қазақстанда есепке тұруға және қосылған құн салығын төлеуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Жаңашылдық халықаралық стандарттарға сай келеді.

"Шетелдік интернет компаниялар Қазақстанда көрсетілетін қызметтер көлемінің айналымы бойынша қосылған құн салығын төлеуге дайын. Бірақ ол үшін тиісті норма болмаған еді. Енді бұл норма ұсынылып отыр", - деді министр.

Оқи отырыңыз: Отандық бизнес жыл соңына дейін салық тексерісінен босатылды

Мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.