НҰР-СҰЛТАН, 24 маусым – Sputnik. Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы күні республика бойынша 39 талапкер 130 балдан жоғары жинаған. Бірақ олардың ішінен оқ бойы озық шыққан бір ауылдың баласы бар. Оған максималды балға екі-ақ ұпай жетпей қалды. Түркістан облысындағы Теспе ауылының мектеп түлегі Абзал Әбдіманап ҰБТ-дан 138 бал жинап шықты. Sputnik Қазақстан тілшісі онымен хабарласып, тестке қалай дайындалғанын және сұрақтарға қандай әдіспен жауап бергенін білді.
Директор ағайдың әңгімесі
Теспе ауылы Түркістан қаласынан 150 шақырым шалғай жерде орналасқан. Ордабасы ауданына кіреді және Бөріжар ауылдық округіне қарайды. Біз Абзалды Теспе орта мектебінің директоры Бақыт Тұрғанбекұлы арқылы таптық. Телефон арқылы хабарласақанда директор ағай Абзалдың үйіне бара жатқан. "Балаға жолығып кетейін деп келгенмін, сіз звондап қалдыңыз", - деп, жол-жөнекей Абзал туралы айтып берді.
"Абзал алдымен Ынтымақ ауылында Сұлтан Ысқақов атындағы тоғыз жылдық мектепте оқыған. Өзі сол жерде тұрады. Теспе мен Ынтмақтың арасы 9 шақырымдай болады. Соны үздік бітіріп шыққаннан кейін Теспе жалпы орта мектебіне келіп, 10-11 сыныпты тәмамдаған. Енді, бір мектептен екіншісіне ауысқанда кішкене болса да, психологиялық қиындық болады ғой. Содан 11 сыныпты көк аттестатпен тәмамдады", - дейді Тұрғанбекұлы.
Директордың айтуынша, Абзал мектептің қоғамдық өміріне белсене араласқан. Спорттық жарыстарға ғана емес, қашықтан білім олимпиадаларына да қатысып жүрді.
"Бала бір сыдырғы ақкөңіл өзі, әке-шешесінің үлкені. Ата-әжесінің қолында тәрбиеленіп, мектепті жақсы оқып бітірген. Әне, өзі де тұр ғой, атасымен әңгімелесіп. Қазір телефон тұтқасын берейін", - деді де, Абзалды шақырды.
Абзалдың дайындығы
Телефонның арғы жағынан өте сыпайы әрі байсалды дауыс естілді. Абзал ұлттық бірыңғай тестілеуге екі жыл бойы қатты дайындалғанын айтты. 10-шы сыныптан бастап сабақтан кейін мұғалімдермен де дайындық жасады. Карантин кезінде қосымша онлайн курстарға қатысты.
"Шыны керек, ҰБТ жақындағанда дайындық қатты болды. Бұрын оқығандарым есімнен шығып кете береді, соның бәрін түнімен қайталап отырдым. Мен тоғыз жылдықты үздік бітіргенмін. Ал 11-сыныпты көк аттестатпен тәмамдадым, біраз төрттер болды. Бірақ мен өзім "Алтын белгіге" қызыққан жоқпын. Бар күшімді ұлттық бірыңғай тестілеуге салып, грант ұтып алуды мақсат еттім", - дейді Әбдіманап.
Оның айтуынша, дайындықты күнде бір уақытта жасаса, адам ондай тәртіпке тез үйреніп қалады.
Абзал тестті қалай тапсырды?
"Біз ҰБТ-ны Темірлан ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепте тапсырдық. Маған көбінесе, оқыған сұрақтар келді, өткен тақырыптар келді. Солай жинадым. Жоғары балл жинайтыныма сенімді болдым. Сұрақтар қатты қиын болған жоқ. Өткен тақырыптар келген соң, соның бәрін оқығаннан кейін оңай болды", - деді Абзал.
Абзал биология мен химияны таңдады. ҰБТ кезінде биологиядан 39 бал жинаса, химиядан 40 ұпай алып шықты. Ал Қазақстан тарихынан бір сұрақтан ғана жаңылысты. Сөйтіп, максималды 140 балдың ішінен 138 ұпайға ие болды.
"Мен алдымен математикалық сауаттылықтан бастадым. Одан кейін Қазақстан тарихы, оқу сауаттылығы, биология мен химияны белгілеп шықтым. Білмеген сұрақтарды қалдырып отырдым. Артынан ойланып, асықпай жауап бердім. Соңына дейін отырдым, бәрін қайта-қайта тексердім. Шынымды айтсам, 138 балл алатынымды ойлаған жоқпын, бірақ 120-дан артық шығатынына сенімді болдым", - деп атап көрсетті Әбдіманап.
Абзал аппеляцияға берген жоқ. "Осыған да шүкір, қанағат", - деп отыр.
Абзалдың жоспары
Теспе ауылының мақтанышы медицина мамандығына түсуді қалайды. Ол тіс дәрігері – стоматолог боламын дейді.
"Мен – үйдің тұңғышымын. Отбасымда төрт баламыз. Екі бала, екі қыз. Үйдің тұңғышы болған соң, алдыма мақсат қойдым. Ата-анама салмақ салмайын дедім. Грант ұтып алуға күш салдым. Сол мақсатыма жеттім деп ойлаймын", - деді Абзал.
Оқи отырыңыз: ҰБТ нәтижесі жойылған талапкерлерге қатысты жағымды жаңалық жарияланды
Абзал бүгінде тест тапсырып жатқан талапкерлерге де кеңес берді.
"Енді, "шпор" немесе телефон алып кіремін деп, қатты сеніп қалмасын. Ол жерде мүлдем қолдана алмайды. Таза білімге ғана сену керек", - дейді Абзал.