Өңірлер

"Погондыларды тергесе, күдіктілер көбейеді": тұрғындар полицейлерге сенуден қалды

Полицияның қауқарсыздығынан екі жылда 525 жылқысын алдырғандар бірігіп, таудағы белгілі бір байлардың үйір-үйір жылқысының ішінен өз малын тапқан
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 23 маусым – Sputnik. Түркістан облысында малмен күнелткен жұрттың жылдап жиған жылқысын барымташылар айдап кете беретіні үйреншікті жайтқа айналды. Әсіресе, Қазығұрт ауданының кәсіпкерлері ұрылардан зәрезап болдық дейді. Барымташылар жылқы бағып, қымыз сауып отырған жұрттың бас-аяғы 2-3 жылда жарты мыңнан астам малын айдап әкеткен, деп хабарлайды КТК арнасы.

Ал істі бірде тіркемей, бірде "өзің ізде" деп шығарып салатын полицияға жұрт сенбейтін болған. Кәсіпорыны мен өндірісі аз Қазығұрт ауданының тұрғындары негізінен малмен күнелтеді. Ол үшін жұрт қырға кетіп, айдаладан үй тұрғызады, қора-қопсы салады. Сөйтіп малын көбейтуге әрекет жасайды. Бірақ соңғы екі-үш жылда барымташылардың көбейгені сондай, ұрылардан әбден мезі болған жұрт қора-қопсысын тастап кетіп жатыр.

Санаулы ғана жыл бұрын қырда мыңдап өрген жылқыны қазір көре алмайсыз. Енді жұрт дені сиыр мен қой бағуға көшіп жатыр. Өйткені ұрылардың есіргені сондай, жайылып жүрген жылқыны былай қойып, қорадағыны да оп-оңай айдап кететін болған.

"Бір менің, өзімнен жоғалған 19 бас бар. Сол жылқыны түнде ұрлап әкетті. 10 жылдық еңбегім. Бір-ақ тайым қалды ішінде. Ай сайын ұрланып жатыр осы өңірде. 10-15 шақырым өңірде отыратын 20 шақты қора. Сол қорадан ай сайын бір үйір жылқы кетеді", - дейді малшы Әмірсейіт Күмісбеков.

Малшыларды ұрып-соғып алып кеткен жағдайлар да жиілеген. Полицияға арыз түсіргенде бір ғана адам куә бола алмайды, "дерек жеткіліксіз" деп шығарып салыпты.

Жалпы, қазығұрттық малшылардың погондыларға өкпесі қара қазандай. Себебі, өмір бойы жиғанын айдап әкеткенде, полиция не Өзбекстан мен Қырғызстанға өтіп кетті деп, не өздерің іздеңдер деп ашық айтуды көбейткен. Тіпті жазылған арыз тіркелмей де қалады екен.

"Полиция өкілі келгенде айттым, біздің арызымыз бар еді. Бірінші арызымыз 17-сәуірде, наурызда ұрланды. "Арызыңыз бізге келген жоқ" деді. Ол арыз жоқ боп кетіп, жетпеді ол жаққа. Халықпыз ғой, жылап тұрмыз. Малға қарап тұрғаннан кейін, біз жыламағанда кім жылайды? Дұрыс па?", - дейді Роза Орманбекова.

Полицияның қауқарсыздығынан кейін екі жылда 525 жылқысын алдырғандар бірігеді де, жоғын өздері іздеуге кіріседі. Сөйтіп екі жылдың ішінде таудағы белгілі бір байлардың үйір-үйір жылқысының ішінен өз малын тапқан.

"Оны бағып жүргендерден өзіміз түсінік алып, полицияға бергенде, тәртіп сақшылары тағы жолымызды кесті", - дейді тұрғындар.

Қазығұрт ауданының тұрғыны Өмірсейіт Әмірбеков оларды ұстап, дайындап қойғанда, Әзиз деген опердің бастығы: "Өй, сіздер кейін аласыздар, сіздер әлі таныған жоқсыздар" деп, ұстап қойған жылқыларды босаттырып жіберген.

Оқи отырыңыз: Мал ұрлығы үшін жаза күшейтіледі – Бас прокуратура

Полицияға сенімсіздік танытқандар Қазығұрт аудандық полиция бөліміне барып бастығын шақыртқан еді. Бірақ басшы түгілі, қосшы да көрінбеді.

Ал облыстық полиция департаменті жуырда ғана Қазығұрт, Сарыағаш және Төлеби аудандарынан 300-ге жуық жылқыны айдаған қылмыстық топты ұстап, үш баппен қылмыстық іс қозғаған. Келтірілген шығын 150 миллион теңгеден асып кеткен.

"Қылмыскерлер жылқыны ұрлағаннан кейін қораға тығып, арасын суытқаннан кейін жылқыларды мал базарларда сатып немесе ет өнімдеріне өткізіп отырған. Малды сатып алып сатушылар да бізбен анықталып отыр. Қазіргі таңда екі күдікті тұлға қамауға алынды. Бір күдікті тұлға кепілге жіберілді сот санкциясымен, екі адам қолхатта", - дейді Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов.

Бірақ зерттеу жүргізіп, күдіктілерді өздері анықтаған ел ұрылардың саны полиция көрсеткендей 5-еу емес, 20-дан асады дейді. Аудандардағы полиция мен ұрылар сыбайлас болуы мүмкін деген олар погондыларды да тергесе, күдіктілер саны әлдеқайда көбейетініне сенімді.