Қоғам

ҰБТ нәтижесі жойылған талапкерлерге қатысты жағымды жаңалық жарияланды

Екі күннің қорытындысы бойынша тыйым салынған заттар үшін ҰБТ-дан шығарылған талапкерлердің саны көбейіп келеді. Бірінші күні 164 адам болса, екінші күні 261 талапкерді шығарған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 23 маусым – Sputnik.  Ұлттық тестілеу орталығы тыйым салынған заттарды қолданып, ҰБТ-дан шығарылған талапкерлер үшін жақсы жаңалықты жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Достар, егер ҰБТ-ны 2020 жылдың қаңтарында тапсырған болсаңыз, онда сол сертификатпен ЖОО-ға ақылы негізде (шекті балл жиналған жағдайда) түсе аласыз. Өйткені заңның кері күші болмайды, тіпті cіз маусым айындағы тестілеуге кіргізілмеген болсаңыз немесе маусымдағы ҰБТ нәтижелері жойылған болса да, қаңтар айының ҰБТ сертификаты жарамды болып қала береді", - делінген орталықтың ресми парақшасында.

Айта кетейік, екі күннің қорытындысы бойынша тыйым салынған заттар үшін ҰБТ-дан шығарылған талапкерлердің саны көбейіп келеді. Мәселен, бірінші күні 164 адам болса, екінші күні 261 талапкерді шығарып жіберген. 

Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекованың айтуынша, 25 тамызға дейін арнайы бағдарламаның көмегімен барлық бейнежазбаға талдау жасалады. Егер тест тапсырушының тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталса, онда оның нәтижесі жойылады, сәйкесінше гранттың нәтижесі де жойылуы мүмкін.

Тағы оқыңыз: Ауыл мектебінің оқушысы ҰБТ-да 138 балл жинады

Ресми мәліметке сәйкес, 22 маусымда республика бойынша 9478 талапкер ҰБТ тапсырды. Олардың ішінде 6553 шекті балды алып шықты. Ал 58 талапкер 130 балдан артық жинады. 19 адамнан температура анықталды. Олар медициналық тексерістен кейін ҰБТ-ны бөлек тапсыратын болады.