Қоғам

Қазақстан елшісі латын әліпбиі Ресеймен қарым-қатынасқа қалай әсер ететінін айтты

Елшінің айтуынша, орыс тілі Қазақстанда Конституциямен бекітілген ресми тіл мәртебесін сақтап қалады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 23 маусым – Sputnik. Латын әліпбиіне көшу орыс тілінен, кириллицадан бас тарту деген сөз емес. Бұл туралы Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ермек Көшербаев РИА Новостиге берген сұқбатында айтты.

Көшербаев латын әліпбиіне көшу туралы тарихи шешімді Қазақстанның тұңғыш президенті, ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев үш жылдан астам уақыт бұрын қабылдағанын еске салды. Ол Рухани жаңғыру тұжырымдамасы аясында қабылданған болатын және оның негізгі кезеңдерінің бірі болып табылады.

"Қазіргі таңда қазақ тілінің әліпбиін латын графикасына ауыстыру жөніндегі ұлттық комиссия бұл әліпбиді жетілдіру жұмысын жалғастырып жатыр. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жуырда берген сұқбаттарының бірінде атап өткендей, біз латынға біртіндеп көшеміз, Орталық Азия мемлекеттерінің тәжірибесі ескеріледі. Өйткені мақсат жай ғана кириллицадан латынға ауыса салу емес, бұл жерде қазақ тілі орфографиясының реформасы туралы сөз болып отыр. Сол себепті Қазақстан бұл мәселеде асығыстық танытпайды", - деді елші.

Тағы оқыңыз: Латын әліпбиі: ұлттық комиссия бірнеше нұсқаны қарап шықты

Көшербаев латын әліпбиі қазақ тілі үшін тың дүние емес екенін атап өтті. Кеңес заманында, 1920 жылдардың соңы мен 1940 жылдардың басында қазақ тілінде латын негізіндегі әліпби қолданылған болатын.

"Қазақ әліпбиін жаңғырту, ең алдымен, қазақ тілінің коммуникациялық мүмкіндіктерін кеңейту мақсатынан туындап отыр", - деді ол.

Сондай-ақ, елші латын әліпбиіне көшу келешекте Қазақстан-Ресей қарым-қатынасына қалай әсер ететініне тоқталды.

"Латынға көшу тек қазақ тіліне қатысты болғандықтан, орыс тілінің жай-күйіне ешқандай әсер етпейді. Латынға ауысу орыс тілінен, кириллицадан бас тарту дегенді білдірмейді. Қазақ тілінің әліпбиін латын графикасына көшіру жайлы шешім практикалық пайымнан ғана қабылданды. Бұл тек ғылыми-филологиялық сипат алатын, бірте-бірте іске асатын процесс", - деді Көшербаев.

Оның үстіне, айтуынша, орыс тілі Қазақстанда Конституциямен бекітілген ресми тіл мәртебесін сақтап қалады.

Елші орыс тілі қазақ тілімен барлық деңгейде тең дәрежеде қолданылатынын және солай жалғаса беретінін айтты.