Экономика

Қазақстандық кәсіпкерлерге 6%-тік кредит беріледі

Кредитті коммерциялық банктер мен микроқаржы ұйымдарынан алуға болады және қызмет түрлері бойынша шектеулер болмайды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 23 маусым – Sputnik. Қазақстанда микро және шағын кәсіпкерлерге 6 проценттік кредит беріледі. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министр "Бизнестің жол картасы – 2025" бағдарламасы аясында президенттің тапсырмасымен жаңа бағыт іске қосылатынын атап өтті. Бұл микро және шағын кәсіпкерлікті микрокредиттеу.

"Бизнестің осы санаты үшін субсидиялау есебінен 6%-тік кредит беріледі.  Кредит айналым қаражатты толықтыруға 5 миллион теңгеге дейін, өндірістік қажеттіліктерге 20 миллион теңгеге дейін беріледі. Қызмет түрлері бойынша шектеулер болмайды", - деді Дәленов үкімет отырысында.

Мемлекет кредит мөлшерінің 85%-не дейін кепілдік береді. Несиені коммерциялық банктер мен микроқаржы ұйымдарынан алуға болады.

Сондай-ақ, ол субсидиялау және кредиттерді кепілдендіру рәсімдері барынша жеңілдетілетінін айтты.

"Жаңа бағыттың негізгі мақсаты – микро және шағын бизнесті жеңілдетілген кредитпен максималды қамту", - деді министр.

Дәленов экономикалық өсуді қалпына келтіру бойынша қабылданған кешенді жоспар және бизнесті қолдауға қатысты қосымша шаралар кәсіпкерлікті дамыту үшін жаңа серпін беретінін атап өтті.

Оқи отырыңыз: "Коронавирустан да жылдам таралуда": депутат кредит мәселесін қозғады

Кешенді жоспар салықтық ынталандыру және әкімшілендіруді оңайлату, экспортты дамыту және импортты алмастыру, өнеркәсіпті дамыту қорын құру және тағы басқаларды көздейді.

Кешенді жоспардан бөлек, бизнесті қолдау бойынша қосымша шаралар әзірленді. Олар биыл 18 маусымда Экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімімен қабылданды.