Елорда тынысы

"Жедел жәрдем үлгермей жатыр": астанадағы жағдай туралы айтылды

Өткен аптамен салыстырғанда науқастардың саны үш есеге көп. Олардың 92 проценті пневмониямен жатқаны айтылды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 22 маусым – Sputnik. Елорданың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова жедел жәрдемге хабарласатын адамдардың күрт көбейгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Жедел жәрдемге хабарласатын адамдардың саны  үш есеге, тіпті төрт есеге артып отыр. Мысалы, өткен бір тәуліктің ішінде 3 800 адам қоңырау шалды. Сонда мамандар 2 728 қоңырауға қызмет көрсетіп үлгерді", - деді Қисықова бүгінгі онлайн брифингте.

Оның айтуынша, 17 маусымда жедел медициналық жәрдем станциясының негізінде байланыс орталығы ашылған болатын. Оған күн сайын 400-500 адам хабарласады. Соңғы кезде қоңырау шалатындардың саны күрт көбейді.

Айта кетейік, ресми мәлімет бойынша өткен аптаның ішінде Нұр-Сұлтанда  коронавирус инфекциясын жұқтырған 587 науқас анықталды. Бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 21 проценке артық болып тұр. Қазіргі кезде ауруханаларда 2 610 науқас жатыр.

"Бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда үш есеге көп. Науқастардың 92 проценті пневмониямен жатыр. Бүгінде 126 пациенттің жағдайы тұрақты. 50 науқас немесе 40 проценті өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған", - деп атап көрсетті Қисықова