Қоғам

Министр Біртановтың міндетін уақытша кім атқаратыны белгілі болды

Цой Елжан Біртанов коронавирус инфекциясынан емделіп шыққанға дейін денсаулық сақтау министрі міндетін уақытша атқаратын болады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 22 маусым — Sputnik. Қазақстан президенті іс басқармасы медициналық орталығының жетекшісі Алексей Цой денсаулық сақтау бірінші вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Ол уақытша денсаулық сақтау министрі міндетін атқарады, деп хабарлады премьер-министрдің баспасөз қызметі. 

Министр Біртановтың міндетін уақытша кім атқаратыны белгілі болды

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қазіргі уақытта коронавирустан емделіп жатыр.

"Үкімет басшысы Алексей Цойдың медицина және басқару саласындағы үлкен жұмыс тәжірибесін атап өтті. Ол министр Елжан Біртанов емделіп шыққанша денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарады", - деп хабарлады үкімет сайты.

Денсаулық сақтау министрілі сайтындағы ақпаратқа сәйкес, ведомствода үш вице-министр қызмет етеді: Лязат Ақтаева, Людмила Бюрабекова және Олжас Әбішев. Бұған дейін Лязат Ақтаева денсаулық сақтау министрі міндетін уақытша атқарған болатын.

Алексей Цой туралы не білеміз

Алексей Цой 1977 жылы 2 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Sells College (Лондон), Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының аспирантурасын, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын, "Дәнекер" халықаралық құқық және халықаралық бизнес институтын, РФ президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының корпоративтік басқару жоғары мектебін тәмамдаған. Стэнфорд университетінде (АҚШ), Сингапурда, Мәскеуде, Германияда, Ұлыбританияда және т. б. елдерде тағылымдамадан өткен. Іскерлік әкімшілік докторы, медицина ғылымдарының кандидаты.

Хирург-эндоскопист болып жұмыс істеген, Қалпына келтіру хирургиясы және трансплантология орталығының аға ғылыми қызметкері, Ұлттық ғылыми медицина орталығының ішкі медицина орталығының жетекші ғылыми қызметкері, "Еуроазиаттық респираторлық қоғам" қоғамдық бірлестігінің бас хатшысы, ҚР Президенті іс басқармасының заманауи медициналық технологияларды енгізу орталығының директоры, ҚР Президенті іс басқармасының медициналық орталығының басшысы, Астана қаласының №1 қалалық ауруханасының бас дәрігері, ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі, ҚР денсаулық сақтау вице-министрі қызметтерін атқарған. 

Цой 2019 жылғы ақпаннан бастап осы уақытқа дейін Қазақстан Республикасы президенті іс басқармасының медициналық орталығын басқарды.