НҰР-СҰЛТАН, 22 маусым – Sputnik. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өткен тәулікте коронавирус індетін жұқтыру бойынша әлемде рекордтық көрсеткіш тіркелгенін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
ДДҰ мәліметтеріне сүйенсек, әлем бойынша 21 маусым күні инфекция жұқтырған 183 020 жағдай тіркелген.
Бұл індет жұқтырғандардың жалпы саны 8,7 миллионға дейін өскенін көрсетеді. Олардың ең көп саны солтүстік және оңтүстік Америкада анықталды (116 мыңнан астам). Соңғы тәуліктерде АҚШ-тың бірнеше штатында мұндай деректердің рекордтық көрсеткіші тіркелді.
Бразилияда инфекция жұқтырғандар 17,4 мың адамға көбейген. Ал қайтыс болғандар саны 50 мыңнан асқан.
Айта кетейік, 20 мамыр күні ДДҰ рекордтық жағдай деп 106 мың жұқтыру оқиғасын тіркеген болатын. Ал Джон Хопкинс университетінің мәліметі бойынша әлемде 8,9 миллион адам індетке шалдыққан.
Оқи отырыңыз: Пандемия рекордты бұзды: бір тәулікте 100 мыңнан астам адам COVID-19 жұқтырды
Соңғы деректерге сүйенсек, Қазақстанда коронавирус жұтырудың 17 732 жағдайы тіркеліп, 10 897 науқас жазылып шықты. 120 адам індет салдарынан көз жұмды.