НҰР-СҰЛТАН, 22 маусым – Sputnik. Әуе қатынасы жанданғаннан кейін Антальяға демалуға келген алғашқы шетелдік туристер қазақстандықтар болды.
Сенбі күні курортқа жүзден астам жолаушы мінген ұшақ қонды, туристердің бір бөлігі бос тұрған қонақ үйлерге жайғасқан.
"Қазақстаннан Түркияға алғашқы халықаралық рейс ұшып келді. Бұл жерде бізден басқа шетелдік туристер әзірге жоқ. Негізгі контингент – бұл Қазақстан, жақында тағы Украинадан ұшып келеді. Қазір, негізінен, жергілікті тұрғындар демалып жатыр", - деді туристік агенттіктің менеджері Наталья Ботина.
Әуежайда жолаушылардың дене қызуы өлшенеді, анкета толтырады. Ботинаның айтуынша, қонақ үйлер 20-30%-ке толған.
Менеджер коронавирустың таралуына байланысты "швед дастарқаны" мен all inclusive (бәрі қамтылған) жүйесі өзгеріп кеткенін айтты.
Санитарлық шаралар күшейіп, қызмет көрсетудің әдеттегі тәсілдері өзгерген, деп түсіндірді ол.
"Биыл Түркияда "бәрі қамтылған" жүйесі өзгерді. Қазір бұрынғыдай табағыңызға тамақ толтырып әкете алмайсыз. Таңдағаныңызды салып береді. Тағамды сенсорлы гаджет арқылы таңдауға болады. Аспазшылардың қолында – қолғап. Адамдар арасындағы қашықтыққа байланысты да шектеулер бар", - деді Наталья.
Коронавирус пандемиясы қонақ үйлердің бөлмелерін тазалау процедурасына да өзгеріс енгізді. Барлық нөмір дезинфекцияланып, әрбірі бір сағат бойы өңделеді.
Ht.kz туристік агенттігінің директоры Максим Банин Sputnik Қазақстанға берген сұқбатында Алматыдан Антальяға алғашқы рейспен 200-ден аса адам ұшып шыққанын мәлімдеді.
"Ұшақ 90%-ке толды. Нұр-Сұлтаннан 190-нан астам адам ұшты. Әуе кемесі 85%-ке толды. Ұшақ борттарында ересектер де, балалар да болды", - деді ол.