Қоғам

Пандемия кезіндегі демалыс: қай елдер туристерді қабылдауға дайын

Басқа елге қыдырып барған туристер міндетті түрде маска тағып жүруі тиіс, әуежайларда дене қызуы өлшеніп, кейбірінен коронавирус табылмағаны туралы анықтама талап етіледі
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 21 маусым – Sputnik. Биыл коронавирус пандемиясына байланысты бүкіл әлемде туристік маусым кеш басталатыны сөзсіз. Әр ел билігі эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, турист қабылдаудың жаңа талаптарын әзірлеуге кірісті. Осыған орай Sputnik Қазақстан шетелдік қонақтарды қарсы алуға дайындалып жатқан мемлекеттерге шолу жасады.

Түркия

Қазақстандық туристер арасында танымал елдердің бірі – Түркия.

Түрік елі 11 маусымнан бастап шетелдіктер үшін мемлекеттік шекарасын ашты. 15 маусымнан 17 бағытқа әуе қатынасы жанданса, 20 мен 25 маусымда тағы он алты елге ұшақтар қатынай бастайды.

Түркияға келісімен барлық туристің дене қызуы өлшеніп, медициналық тексерістен өтеді. Егер коронавирус белгілері байқалса, ол адам тестілеу және карантин үшін ауруханаға жіберіледі.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда карантин кезінде шекарадан кімдер өте алатыны белгілі болды

Бұдан бөлек, ел аумағына кіретін шетелдіктер анкета толтырады, сауалнамада нақты қай қалада демалатынын көрсетуі тиіс.

Бірінші маусымнан бастап Түркияда мейрамханалар, музейлер, кітапханалар мен базарлар ашылды. Басты талап – маска тағу және әлеуметтік ара қашықтықты сақтау.

Саябақтар мен жағажайларға баруға да рұқсат етілген.

Соңғы дерек бойынша Түркияда барлығы 185 245 адам коронавирус жұқтырды. Оның ішінде 157 516 науқас емделіп шықса, 4905-і қайтыс болды.

Таиланд

Халықаралық әуе қатынасына салынған тыйым 1 шілдеден алынып тасталады. Осыдан кейін ел билігі Австралия, Жапония және Қытайдың кейбір провинциясымен "туристік дәліз" орнатуды көздеп отыр. Таиландқа осы елдерден алғаш болып тай компанияларымен жұмыс істейтін бизнесмендер, медициналық туристер, аралдардағы бесжұлдызды қонақ үйлерде демалу үшін алдын ала ақша төлеп қойған туристер кіре алады.

Шетелдіктерден коронавирус табылмағаны туралы анықтама талап етіледі.

Олар ел аумағында қалу үшін төрт аралдың (Пхукет, Самуи, Панган, Пхи Пхи) бірін таңдауы тиіс. Сол аралда он төрт күн бойы оқшауланады.  Карантин мерзімі аяқталған соң, елдің басқа өңірлеріне баруға рұқсат етіледі.

Грузия

Грузияның әуежайлары да шекараны ашуға және халықаралық рейстерді жандандыруға дайындалып жатыр. 1 шілдеден ел билігі шетелдік туристерді қабылдауға кіріседі. Алайда рейстер әлемдегі эпидемиологиялық ахуалды ескереп отырып, кезең-кезеңмен іске қосылады.

Тағы оқыңыз: Алматы мен Сеул арасындағы тұрақты рейстер 1 шілдеден бастап іске қосылады

Жаңа ережеге сәйкес, жолаушылар маска тағуға міндетті, әуежайда дене қызуы өлшенеді.

Грузияда ішкі туризм 15 маусымда жанданған болатын. 20 маусымда музейлер мен қорықтар кезең-кезеңмен жұмысын бастады.

Бүгінде елде 906 адам індетке шалдыққан.

Өзбекстан

Көрші өзбек елі туризмді үш кезеңде жандандыру жоспарын әзірледі.

Бірінші кезең туристік операторлар мен қонақ үйлердің қызметіне "қан жүгіртуге" арналған. Бұл кезеңде шетелдік туристерді қабылдауға толығымен дайын болу үшін Uzbekistan. Safe travel GUARANTEED қауіпсіздік жүйесі енгізіледі.

Екінші кезең – көрші және ТМД елдерімен ұйымдасқан өңірлік туризмді қайта қалпына келтіру.

Ал үшінші кезеңде алыс шет елдерден турист қабылдауға кіріседі.

Әзірге бұл жоспардың қашан іске асатыны белгісіз.

Бұдан бөлек, Өзбекстан билігі елде коронавирус жұқтырып алған шетелдік туристерге 3 мың доллар өтемақы төлеуді жоспарлап отыр.

21 маусымдағы жағдай бойынша республикада 6216 адам індетке шалдыққан.

Испания мен Италия

Испания 21 маусымнан бастап Еуропа одағы мен Шенген аймағы елдерінің біразы үшін шекарасын айқара ашты. Туристер он төрт күнге карантинге алынбайды. Ал Испанияның Португалиямен құрлықтағы шекарасы 1 шілдеге дейін жабық қалады.

Мамыр айында Испания билігі мен Бүкіләлемдік турисер ұйымы пандемия жағдайында қауіпсіз туризмді қайта қалпына келтіру шараларын әзірлегені хабарланған еді.

Тағы оқыңыз: Әуежай кодын NQZ-ке ауыстыру қанша тұрады

21 маусымда елдің 29 провинциясы карантиннен шығудың төртінші кезеңін аяқтайды, ал бір аптадан кейін тағы 20 провинцияда карантин аяқталады.

Испанияда вирус жұқтырғандардың жалпы саны 292 655 адамға жетіп отыр.

Италия 3 маусымнан еуропалықтарға өз аумағына кіруге рұқсат етті. ЕО, Шенген аймағы, Ұлыбритания, Андорра, Монако мен Сан-Маринодан қыдырып келгендер 14 күнге оқшауланбайды.

Франция

ЕО елдері, Андорра, Исландия, Лихтенштейн, Монако, Норвегия, Сан-Марино, Швейцария мен Ватикан азаматтары үшін Францияның шекарасы бір апта бұрын ашылды. Ұлыбритания мен Испаниядан басқа, Францияға Еуропадан демалуға барғандардың бәрі екі апталық карантиннен босатылады.

Пандемия кезіндегі демалыс: қай елдер туристерді қабылдауға дайын

Ел билігі 1 шілдеден бастап туристер үшін сыртқы шекараны біртіндеп ашуға кіріспек.

Бүгінде Францияда дүкен, мейрамхана, бар, музей, жағажайлар мен саябақтар жұмыс істеп тұр.

Кипр

Кипр Еуропаның 22 елінің азаматтарына кіруге рұқсат берді. Мемлекеттер эпидемиологиялық ахуал бойынша екі топқа бөлінген. 20 маусымнан бірінші топтағы елдердің туристері Кипрге еш шектеусіз кіре алады. Ал екінші топтың азаматтарынан (Израиль, Польша, Румыния) коронавирус табылмағаны туралы анықтама талап етіледі. Кипр үкіметі елдер тізімін әр апта сайын қайта қарауды жоспарлап отыр.

Қазіргі таңда Кипрде сауда орталықтары, қоғамдық тамақтану орындары, ашық аспан астындағы кинотеатрлар мен театрлар, казино, тематикалық саябақтар, аквапарктер жұмысын жандандырған.

Германия

Германияның шекарасы да қазір ЕО, Ұлыбритания, Исландия, Норвегия, Лихтенштейн мен Швейцария елдері үшін ашық. Испаниялықтар үшін шектеу 21 маусымда аяқталады, ал Швеция тұрғындары елге қашан кіре алатыны әзірге белгісіз.

Тағы оқыңыз: "Бұл адамзат үшін бір белгі": Қазақ қызы Түркияда не болып жатқанын айтып берді

Германияда демалатын туристер өзі және баратын жері жайлы ақпарат беріп, байланыс нөмірлерін қалдыруы тиіс.

Вирус жұқтыру деңгейі жоғары елдерден саяхаттап келген шетелдіктерге карантинді сақтау ұсынылады.

Дубай

Дубай алғашқы туристерді шілде айының басында қарсы алуды жоспарлап отыр.

Әмірліктің экономикалық қызметі мамыр айының соңында жанданған болатын. Кәсіпорындарға жұмыс істеуге рұқсат етіліп, кинотеатрлар мен спортзалдар ашылды.

Бұған дейін 20 маусымнан бастап Қазақстан Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Таиланд, Грузия және Жапонияға халықаралық рейстерді жандандыратыны хабарланған еді.