Өңірлер

Хабар бермеген: тараздықтар базар алдында шу шығарды

Әкімдіктің ақпаратынша, Тараз базарларында істейтін жұмысшылардың арасында коронавирус жұқтырғандар табылған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 20 маусым – Sputnik. Жамбыл облысының Тараз қаласында базар қызметкерлері шу шығарды. Әкімшілік оларға демалыс күндері карантинге байланысты базар жабық болатынын ескертпеген.

Бұған наразы болған тараздықтар базар қақпасының алдына жиналып, жұмыс істеуге мүмкіндік беруді талап етті.

Тараз базарларында істейтін қызметкерлердің арасында коронавирус жұқтырғандар табылды, деп мәлімдеді Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Бұдан бөлек, бірнеше базарда санитарлық, экологиялық және өрт қауіпсіздігі талаптары бұзылған.

"Осыған байланысты Тараздың бас мемлекеттік санитар дәрігері анықталған заңбұзушлықтарды жою үшін 20 және 21 маусым күндері базарлардың жұмысын уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады", - деді өңір әкімдігіндегілер.

Базар иелерін де бұдан хабардар еткен.

"Алайда базарлардың бірінің әкімшілігі қызметкерлер арасында тиісті түсіндіру жұмысын жүргізбеген. Осыдан кейін базар жұмысшылары наразылық танытып, түсініспеушілік пайда болды", - деп түсіндірді ведомстводан.

Тағы оқыңыз: Азық-түлік сатып алыңыздар: Нұр-Сұлтан қатаң карантинге оралады

Осы оқиғадан кейін базар қызметкерлерімен облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков кездесті. Кездесу соңында заңбұзушылықтарды жою және карантиндік шараларды сақтау шартымен базар жұмысын жалғастыру туралы мәмілеге қол жеткізілді.

Сонымен қатар, базар жұмысшыларының кәсіподағымен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кездесті. Өңір басшысы халықтың денсаулығы үшін барлық санитарлық талапты сақтау қажеттігін түсіндірді.