Қоғам

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы бостандыққа шықты

Дүтбаев 2017 жылы мемлекеттік құпияны жариялағаны және қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін 7,5 жылға сотталды. Кейін оның жазасын 12 жылға дейін ұзартты, одан соң қайта қысқартты, ақыры ол мерзімінен бұрын бостандыққа шықты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 19 маусым – Sputnik. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Нартай Дүтбаев мерзімінен бұрын шартты түрде босатылды. Бұл ақпаратты Sputnik Қазақстан тілшісіне Шығыс Қазақстан облыстық сотының судьясы Елдос Жұмақсанов растады.

"Кеше, 18 маусымда босатылды. Соттың үкімі – мерзімінен бұрын шартты түрде босату. Сот актісіне шағым түскен жоқ, ешкім қарсылық білдірмеді. Үкім заңды күшіне енді", - деді Жұмақсанов.

Оның айтуынша, Дүтбаевқа берілген жазаның мерзімі қайта есептелді. 2020 жылы 11 қаңтарда Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер мен түзетулер күшіне енген болатын. Оған сәйкес, орта деңгейдегі қауіпсіздігі бар колонияда жазасын өтеп жүргендер жазаның мерзімін қайта есептеуге өтініш бере алады. Сотталғандардың тергеу изоляторында өткізген бір күні түрмедегі бір жарым күнге теңестірілген болатын.

"Сот жазаның мерзімін қайта есептеп шығуға міндетті. Осы жұмыс атқарылып, 30 сәуірде тиісті қаулы шығарылды. Осыдан кейін сот жазаның мерзімі жартысынан асқанын, сондай-ақ, оның жасын ескеріп, мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтінішті қарап, оң шешім шығарды", - деп атап көрсетті Жұмақсанов.

Оқи отырыңыз: Жәкішев түрмеден шыққаннан кейін қандай қиындыққа тап болғанын айтты

Дүтбаевты не үшін соттады?

Нартай Дүтбаев 2001-2006 жылдар аралығында Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарды.
2017 жылы 24 тамызда оны мемлекеттік құпияны жариялағаны және қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін айыптап, жеті жарым жылға бас бостандығынан айырған болатын. Оған мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды.

Ал 2018 жылы Нартай Дүтбаевтың жазасын 12 жылға дейін ұзартты. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-басшысына қосымша айыптар тағылды. Атап айтқанда, билікті теріс пиғылда пайдалану, сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және ақша жылыстату сияқты қылмыстар бар.

2019 жылы қаңтар айында Дүтбаевтың жазасын 10 жылға қысқартты.