Қоғам

Қазақстан коронавирусты анықтайтын 1,2 миллион тест сатып алады

Қазіргі таңда 501 мыңнан аса тест қалды, оның 300 мыңнан астамы – мемлекеттік зертханаларда. Ол он сегіз күнге жетеді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 19 маусым – Sputnik. Қазақстан тағы 1 миллион 200 мың тест-жүйесін сатып алады. Бұл туралы денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ләззат Ақтаева мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Зертханалардың қуаттылығын тәулігіне 35 мың тестке дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл үшін үкімет резерві аясында қажетті жабдық сатып алу көзделген. Сонымен қатар, 1 миллион 200 мың тест жүйесі сатып алынады", - деді Ақтаева онлайн брифингте.

COVID-2019: тесті тегін тапсыратындардың тізімі

Айтуынша, қазір қазақстандық зертханаларда коронавирусқа тәулігіне 28 мың тест жасалады. Барлығы 56 зертхана жұмыс істейді: санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің 29 зертханасы, 13 – жекеменшік медициналық зертхана және 14-і – медициналық ұйымдардың зертханасы.

"Зертханаларда тест-жүйелері жеткілікті. Қазіргі таңда 501 мыңнан аса тест қалып отыр, оның 300 мыңнан астамы – мемлекеттік зертханаларда. Ол әлі он сегіз күнге жетеді", - деді ол.

Ақтаева кімдер коронавирусқа тест тапсыруы керек екенін тағы бір мәрте еске салды.

Олар:

  • инфекциялық және провизорлық стационарларға жатқызылған науқастар;
  • өткір респираторлық вирустық инфекциясы және пневмониясы бар адамдар;
  • коронавирус жұқтырған, бірақ үйде емделіп жатқандар;
  • вирус жұқтырған адаммен жақын байланыста болғандар;
  • стационарға жоспарлы және шұғыл түрде жатқызылғандар;
  • шетелден келген азаматтар;
  • вирус жұқтыру қаупі жоғары медициналық қызметкерлер;
  • әскерге шақырылғандар.

Тестілеуден өтіп-өтпеуді дәрігер немесе эпидемиолог шешеді.

"ПТР-тестің теріс нәтижесі адамда дәл сол тексерілген сәтте коронавирус жоқ екенін білдіреді. Алайда біз жұмысқа барамыз, адамдармен араласамыз, тиісінше вирус жұқтыру қаупі әрдайым болады", - деп түсіндірді ол.

Ақтаева жұмыс берушілердің қол астындағы қызметкерлерден тестілеуден өтуді талап етуі негізсіз екенін айтты.