Өңірлер

Түркістан облысының құрылғанына 2 жыл толды

Соңғы 2 жылда Түркістан облысының экономикасына түрлі қаржы көздері тартылды. Бір ғана Түркістан қаласына салынған инвестиция көлемі 160 миллиард теңгеден асты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 19 маусым – Sputnik. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңір халқын облыстың құрылғанына 2 жыл толуымен құттықтады.   

Шөкеев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылдың 19 маусымындағы жарлығы Түркістанның түлеуіне ерекше серпін бергенін атап өтті.  

"Осыдан тура екі жыл бұрын маусым айында Ұлы Түркістан даласында үлкен жаңалық болғаны белгілі. Түркістан облысы құрылды. Түркі әлемінің текті төрі Түркістан қаласы өңір орталығына айналды. Тарихи өлшеммен қарасақ, бұл өте қысқа уақыт, алайда атқарылған қыруар жұмыстың арқасында Түркістанның жаңа келбеті, жаңа болмысы қалыптасып келеді", - деді өңір басшысы.

Облыс әкімі ең басты мақсат Түркістанды заманауи қала ету, өмір сүруге ыңғайлы, жайлы ету екенін айтты. Осы бағытта киелі шаһар арқылы "Батыс Қытай –Батыс Европа" автожолы, темір жол өтеді, жыл соңына дейін іске қосылатын Халықаралық әуежай – қаланың өсу потенциалын тағы да арттыратыны сөзсіз.

Түркістан қаласында 175 нысанның құрылысы жоспарланса, соның 102-сі жыл аяғына қарай пайдалануға беріледі, деп атап өтті облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Оқи отырыңыз: Түркістан облысында шектеу шаралары күшейтілді

Түркістанның туристік, білім орталығы ретінде дамыту үшін арнайы Туризм және меймандостық универститеті ашылды, рухани-мәдени орталық ретінде дамыту үшін 2019 жылы  9 әлеуметтік нысан тапсырылса, биыл 20 нысан құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілмек.

2019 жылы  қалада 1128 отбасы жаңа пәтер иеленсе, бүгінгі күнге  түрлі қаржыландыру көздері арқылы 6300 пәтерді құрайтын 136 көпқабатты үй  құрылысы жалғасуда. 

Соңғы 2 жылда Түркістан облысының экономикасына түрлі қаржы көздері бағытталды. Бір ғана Түркістан қаласына салынған инвестиция көлемі 160 миллиард теңгеден асты.