Өңірлер

Ақтөбеде "Нұрлы жермен" салынған жаңа үйге қатысты дау шықты

Нұр-Ақтөбе ықшамауданында мемлекеттік бағдарламамен салынған баспананың суы мен газы және жарығы жоқ болса да, тұрғындар банкке несиесін төлеуге мәжбүр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 19 маусым – Sputnik. Ақтөбеде мемлекеттік бағдарлама бойынша баспаналы болғандар бір жыл бойы өз үйіне кіре алмай жүр, деп хабарлайды КТК арнасы.

Мердігер компания үйді тұрғызғанымен, былтырдан бері комуникация жүргізбеген. Ал "Нұрлы жердің" құрылысына жауапты әкімдік тұрғындардың жаңа қонысқа қашан кіретінін білмейді. Ең қызығы, әлі кілті берілмеген үйге банк несие төлеуді талап етуде.
"Нұрлы жер" бағдарламасымен Ақтөбеде салынған үйлерді қолданысқа былтыр беру керек еді. Бірақ үйіне кіріп, қоныс тойын тойлаған әлі ешкім жоқ. Өйткені мұнда не су жоқ, не газ жоқ, не жарық жоқ.

Үйлер Нұр-Ақтөбе ықшамауданынанда орналасқан. Тұрғындар былтырдан бері пәтеріне кіре алмай, құлыптаулы тұрған подъезд алдынан кетеді. Ал жылу мен газ жүргізіп, жарықты тартып жатқан жұмысшыны көрмейсің. Тұрғындар "бұлай қашанғы жүреміз?" деп ашынады.

"Ай сайын келеміз. Желтоқанда қалай тұрды мына үй, әлі солай тұр. Ешқандай ештеңе істелінбеген. Әкімдікке барсақ, "әне істелінеді", "міне істелінеді" дейді. Не себепті дайындамай жатыр? Уақытында айтты ғой. Сегіз ай бойы жүрмін. Сегіз ай пәтер жалдап жүрмін. Ештеңе дайын емес", - дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Гаухар Бақыт.

Тұрғындарға әкімдік пәтерлерінің акт құжатарын да былтыр берген. Енді банк әлі кірмеген үйдің несиесін төлетіп жатыр деген тұрғын Гүлзада Смамбетова ол үйді өздеріне ешкім тегін үлестіріп жатпағанын айтады.

"Әлі алмаған комуникациясы жоқ үйімізге неге ақша төлеуіміз керек?!", - дейді ол.

"Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша бұл үйлерді салуға қазынадан қыруар қаражат бөлінген. Бірақ сол ақшаға құрылысты толық бітіруге не кедергі болғанын шенеуніктер нақты айта алмайды.

"Кей уақыттарда мердігерлердің, түсетін қаражаттың кешігуіне байланысты кейбір үйлеріміз осылай созылып кетіп жатыр. Барлығын бірдей жоққа шығаруға болмайды. Олар істеліп жатқан дүние. Шамалы уақыт күтуі мүмкін", - дейді Алматы ауданының әкімі Әділкерей Әуелбаев.

Оқи отырыңыз: Баспана алу тәртібі қалай өзгерді: "сатылы жүйенің" ерекшелігі қандай?

Қанша уақыт күтетінін нақты айта алмаған аудан әкімінің жауабына көңілі толмаған тұрғындар Ақтөбе қаласының басшысымен кездестіруді талап етті. Бірақ карантинге байланысты ешкім оларды әкімдік табалдырығынан аттатпады.