НҰР-СҰЛТАН, 18 маусым – Sputnik. Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ләззат Ақтаева дәрігерлердің тест нәтижесіне қарамастан, коронавирус диагнозын қоя алатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Онлайн брифингте Ләззат Ақтаева елорда ауруханаларына науқастардың көптеп түсуіне қатысты пікір білдірді. Қазіргі кезде Нұр-Сұлтанда күн сайын 500 адам ауруханаға жатқызылады. Олардың әрбір екіншісінен вирусты пневмония анықталады. Осы ретте тілшілер "Ол науқастардың ауруы артынан коронавирустың бір түрі болып шықпай ма?" деген сұрақ қойды.
Оқи отырыңыз: Алматыда инфекциялық ауруханалар 95%-ке толды - Бекшин
Спикердің айтуынша, дәрігелер тест теріс нәтиже көрсеткен күнде де, "коронавирус инфекциясының ықтимал жағдайы" деген диагноз қоя алады. Соның арқасында науқасты жылдам емдеуге мүмкіндік бар.
"Жалпы, "коронавирус инфекциясының ықтимал жағдайы" деген түсінік бар. Бұның барлығы клиникалық хаттамада жазылған. Аурулардың халықаралық классификациясында "коронавирус инфекциясының ықтимал жағдайының" өзіндік коды да көрсетілген", - деді Ақтаева.
Бұл дегеніміз, науқаста коронавирусқа ұқсас клиникалық белгі мен арыз-шағым болса, ең бастысы, бұның барлығы томографиядан анық көрініп тұрған жағдайда консилиум ПТР-тест теріс нәтиже көрсеткеніне қарамастан "коронавирус инфекциясының ықтимал жағдайы" деп жаза алады.
"Соның арқасында науқасқа вирусқа қарсы препараттар дер кезінде беріледі", - деп түсіндірді министрдің міндетін атқарушы.
Оның сөзіне қарағанда, вирусқа қарсы терапияны бастау үшін диагноз қою қажет. Ал коронавирус инфекциясына тән белгілер болғанда тиісті ем-дом шаралары қолға алынады.
"Сондықтан пневмония болса, коронавирустың бір түрі шығады деген сөз емес. Бұл – коронавирустың бір көрсеткіші, коронавирус инфекциясының ықтимал жағдайы. Ондайда вирусқа қарсы терапияны дер кезінде бастау қажет", - деп түйіндеді Ақтаева.