Қоғам

Мемлекеттік қызметкерлердің бір бөлігі сол күйі жұмысқа шықпауы мүмкін

Мәулен Әшімбаев қызметкерлерді бұдан да тұрақты кезеңге, қашықтан жұмыс істеуге ауыстыру арқылы шығындарды оңтайландыруға және қысқартуға болады деген пікірде   
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 18 маусым – Sputnik. Сенат төрағасы мемлекеттік қызметкерлер мен ұлттық компания қызметкерлерінің бір бөлігін тұрақты түрде қашықтан жұмыс істеуге ауыстыруды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сенат спикері коронавирус індеті мен дағдарысқа байланысты мемлекеттік шығындар қайта қаралуы керектігін атап өтті.

"Мемлекет басшысы 2024 жылға қарай мемлекеттік қызметкерлер мен ұлттық компаниялар персоналының санын төрттен бірге қысқарту міндетін қойды. Бұл жерде мемлекеттік қызметкерлер штатын механикалық тұрғыда қысқарту туралы емес, ықшам әрі тиімділігі жоғары мемлекеттік аппарат құру жайы сөз болып отыр. Бұл бағытта белсенді ілгерілеу маңызды. Үнемделген қаржыны басқа салаларға жұмсауға болады", - деді Әшімбаев сенаттың жалпы отырысында. 

Оқи отырыңыз: Үкімет басшысы коронавирус індетіне қатысты шұғыл тапсырма берді 

Ол коронавирус пандемиясы цифрландыру мен қашықтан жұмыс істеу арқылы ақшаны үнемдеуге болатынын көрсеткенін атап өтті. Айтуынша, қазір мемлекеттік аппаратың бір бөлігі қашықтан өнімді жұмыс істеп жатыр. Көптеген шара онлайн өтуде.

"Бұл іссапарлар мен көлік шығынын үнемдеуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік қызметкерлер мен ұлттық компаниялар қызметкерлерінің бір бөлігін, бәлкім бұдан да тұрақты кезеңге, қашықтан жұмыс істеуге ауыстыру арқылы шығындарды оңтайландыру және қысқарту мүмкіндігін зерделеу қажет. Бұл ғимараттарды жалға алу және күтіп ұстау, көлік шығындарын азайтуға мүмкіндік бере ме, жоқ па, соны анықтау қажет. Бұл жерде әлеует айтарлықтай мол", - деді спикер.

Әшімбаевтың мәліметінше, 2019 жылдың бюджетінде шет елдерге іссапарлар мен қызметтік сапарларға шығын 17,5 процентке, ал ел ішінде 8,8 процентке өскен. Көлік қызметтерінің төлемі 21 процентке ұлғайған.

Сенат төрағасы қазіргі жағдайда стратегиялық маңызы жоқ шығындарды азайтуға болады. Мәселен, консалтингтік және зерттеу қызметтері. 2019 жылдың бюджетінде бұл мақсатқа 43 миллиард теңге бөлінген екен.

Әшімбаев 2021-2023 жылдарға арналған бюджет жобасында пандемиядан алған сабақты ескеру қажеттігін айтты.