Қоғам

Назарбаев коронавирус жұқтырды: Елбасының кімдермен кездескені белгілі болды

Елбасы коронавирус жұқтырғанын білгенге дейін қазақстандық ұлттық компания басшыларымен, Nur Otan партиясы төрағасының орынбасары Бауыржан Байбекпен және президент көмекшісі Әсет Исекешевпен кездескен
Sputnik

АЛМАТЫ, 18 маусым – Sputnik. 18 маусымда Nur Otan партиясының төрағасы және қауіпсіздік кеңесінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың коронавирус жұқтырып, өзін оқшаулағаны хабарланды.

Қазақстанның тұңғыш президентінің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай ай басынан бастап Нұрсұлтан Назарбаев өте тығыз кестемен жұмыс істегенін жеткізді.

"Бірқатар екіжақты келіссөз жүргізіп, ресми тұлғаларды қабылдады. Сонымен қатар отандық және шетелдік БАҚ өкілдеріне сұхбат берді. Телеарнаға түсіруді ұйымдастыру үшін 40-тан астам адам, соның ішінде шет мемлекет азаматтары жұмылдырылды", - деп атап өтті Үкібай.

Оның айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың денсаулығы медицина қызметкерлерінің бақылауында. Үрей мен мазасыздануға себеп жоқ.

"Елбасы қарым-қатынастың заманауи түрін пайдаланып, қашықтан жұмыс істеуді жалғастырып жатыр", - деп атап өтті баспасөз хатшысы.

Бекітілген хаттамаға сәйкес, тұңғыш президентке басқа адамдармен жеке байланысуға болмайды. Елбасының қатысады деп жоспарланған кей іс-шара видеоконференция арқылы онлайн режимде өтуі мүмкін.

"Ресми жаңалықтар пайда болған алғашқы минуттан бастап тұңғыш президенттің денсаулығын уайымдап, тез сауығып кетуін тілеген хабарлама алып жатырмыз. Менің телефоныма хабарласқан адамның есебі жоқ, хабарламалар да көп келіп жатыр. Журналистер, достар мен туыстар, әріптестер, оның ішінде алыс-жақын шетелдегі әріптестер Елбасына күш пен мықты денсаулық тілеп жатыр. Тұңғыш президентке мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қолдау білдірді, Елбасы кеңсесіне еліміздің барлық аймағынан жеделхаттар келіп жатыр", - деді Үкібай.

Ол Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандықтарға және бей-жай қарамаған барша адамға алғыс білдіргенін жеткізді.

Елбасының ресми сайтындағы хабарламаларға сәйкес, 2 маусымда Назарбаев Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекпен кездесті.

Оқи отырыңыз: Тоқаев коронавирус жұқтырған Назарбаев туралы жазба жариялады

Дәл осы күні президенттің көмекшісі - қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әсет Исекешевті қабылдады, ол коронавирус індетіне қарсы іс-қимыл жөніндегі қауіпсіздік кеңесінің шешімдерін орындау барысы туралы баяндады.

3 маусымда Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңестің отырысы өтті.

Отырыста премьер-министр Асқар Мамин, "Қазақстан темір жолы" компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев, "ҚазМұнайГаз" төрағасы Алик Айдарбаев, "Қазақтелеком" төрағасы Қуанышбек Есекеев, "Қазпошта" басшысы Сәкен Сәрсенов видеоконференция арқылы байланысқа шықты.

Елбасымен бір кабинетте оның көмекшісі Данияр Ақышев пен "Самұрық-Қазына" басқармасының басшысы Ахметжан Есімов болды.

Сондай-ақ, 3 маусымда Назарбаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Мохаммад әл-Джабермен кездесті.

Қазақстанда коронавирус эпидемиясына байланысты енгізілген төтенше жағдай режимі кезінде желіде Назарбаевтың сырқаты туралы қауесет пайда болды. Елбасы ұзақ уақыт бойы кездесулер өткізбей, көпшілікке көрінбеді. Сәуір айында оның баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Тұңғыш президенттің жағдайы нашар деген қауесетті жоққа шығарды.

Ол қатаң карантин жағдайында Елбасының жұмыс кабинетіне кіруге шектеу қойылғанын мәлімдеді.

7 сәуірде Нұрсұлтан Назарбаевтың үкімет басшысы Асқар Маминмен кездесуінен фото мен видео жарияланды.

ТЖ режимі Қазақстанда 16 наурыздан 11 мамырға дейін жалғасты. Осы уақыт аралығында Елбасының өз кеңсесінен басқа жерде кездесу өткізгені жайлы ақпарат жоқ.

Назарбаев коронавирус жұқтырды

18 маусымда Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Нұрсұлтан Назарбаевтың коронавирус инфекциясына тапсырған анализі оң нәтиже көрсеткенін хабарлады.  

Ол Назарбаевтың өзін оқшаулағанын және қашықтан жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Назарбаевқа коронавирустан тезірек сауығып кетуді тіледі.

Айта кетейік, 2020 жылы 6 шілдеде Нұрсұлтан Назарбаев 80 жасқа толады.

Бұған дейін бірнеше депутат пен шенеуніктен коронавирус табылды. Індетке шалдыққандар арасында мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин, премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, депутат Бекболат Тілеухан, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли, Теміртау әкімі Ғалым Әшімов, Павлодар облысы әкімінің орынбасары Асхат Оралов және Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Камалжан Надыров бар.

Үкімет мүшесінен вирус табылғаннан кейін премьер-министр Асқар Маминнен бастап, барлық дерлік министр өзін оқшаулады. Қазір олар қашықтан жұмыс істеп жатыр.