Қоғам

Алматыда инфекциялық ауруханалар 95%-ке толды - Бекшин

Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин 20-21 маусымдағы күшейтілген карантин режиміне қатысты түсініктеме берді
Sputnik

АЛМАТЫ, 18 маусым – Sputnik. Алматыда инфекциялық ауруханалар 95%-ке толды. Бұл туралы қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлім етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Айтуынша, соңғы екі аптада қалада науқастардың саны екі есе артты.

"Сол себепті тұрғындар арасында инфекцияның әрі қарай таралуын болдырмау үшін шаралар қабылданды. Қаладағы инфекциялық стационарлардағы төсек-орынның 95%-і толып тұр. Қазір науқастарды ауруханаға қабылдау жалғасып жатыр, жазылып шыққандардың орнына жаңа науқастар орналасады", - деді Бекшин брифингте.

Айтуынша, наурызда инфекция шетелден келген адамдардан анықталды, ал сәуірде тұрғындарды диагностикадан өткізу, халықтың аурушаң тобымен жұмыс жүргізу нәтижесінде табылса, маусымда адамдардың өз бетінше тексеруден өтуінің нәтижесінде коронавирус жұқтырғаны тіркеліп отыр.

Демалыста такси қалай жұмыс істейді

Қаланың бас санитар дәрігерінің айтуынша, 20-21 маусымда қаладағы саябақ, скверлер, өзен арналары бойындағы спорт алаңдары, адам көп жүретін жолдар да жабылады.

"Қалада жаяу жүретін көшелер де жабық болады. Саяхатшылар баратын Медеу, Көктөбе, Шымбұлақ пен Есентай жағалауы, Сайран көлі жиегінде серуендеуге болмайды. Нысандар жұмысы тоқтатылған кезде, ол жерлерде дезинфекция жұмыстары жүргізіледі"- деді Бекшин.

Шектеулердің орындалуын қаланың ішкі істер департаменті бақылайтын болады.

Сонымен қатар 20-21 маусым күндері қалада қоғамдық көліктің жұмысы тоқтайды. Ал басқа күндері қоғамдық көлік қалыпты режимде жұмыс істейді. Ал такси қызметі сенбі-жексенбі күндері де тәулік бойы қызмет көрсетеді.

Оқи отырыңыз: "Эпидемиологиялық жағдай нашарлап кетті": Қисықова дабыл қақты

Қаржы орталықтары, банктер, халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы тоқтатылмайды. Сыртқы периметрде ешқандай блок бекет жоқ. Қала тұрғындары, облыс тұрғындары ешқандай шектеусіз қозғала алады, деп толықтырды қаланың бас дәрігері.

Көк базар бір айға жабылды

Сонымен қатар Бекшиннің қаладағы "Көк базардың" сот шешімімен бір айға жабылғанын хабарлады.

"Рахат" кондитерлік фабрикасы өз еркімен екі аптаға жабылды. Одан кейін сот шешімімен "Көк базар" бір айға жабылды. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды орындамағаны үшін қала әкімдігінің төрт ведомствосының қатысуымен 1 миллион 727 мың теңге көлемінде айыппұл салынды", - деді Бекшин.

Айта кетейік, қала тұрғындары 13 08 call-орталығына сағат 8:00-20:00 аралығында хабарласа алады.