АЛМАТЫ, 17 маусым – Sputnik. Алматы – қарбаласқа толы алып шаһар. Қаланың тыныштығы мен тәртібіне жауап беретін, 24 сағат бойы еңбек ететіндердің бірі – полиция қызметкерлері. Ал кез келген төтенше жағдай кезінде жедел қимылдап, оқиға орнына бірінші барып, алғашқы көмек көрсететіндер – патрульдік полиция.
Алматыда патрульдік полиция екі ауысымда жұмыс істейді. Ауысым сайын бір аудан ішін 7-8 экипаж бақылайды, әр көлікте екі немесе үш полицейден отырады. Бірінші ауысымдағылар таңғы сегізден кешкі сегізге дейін жұмыс істесе, екінші ауысымға сап түзеу 19.30-да басталады.
Sputnik Қазақстан тілшілері полицейлерге сағат 23.30-да қосылды. Патрульдеу барысында алғашқы шақырту "Ұрлық" әрекеті бойынша келіп түсті. 1984 жылы туған азамат "Nokia" маркалы телефонының қолды болғанын хабарлады.
Барлық адамның арызы қабылданады
Полициямен бірге арызданушы айтқан мекенжайға барғанымызда, хабарласқан азамат бізді мас күйінде қарсы алды. Телефоным ұрланды деп қоңырау шалған ер адам анық ештеңе түсіндіре алмады. Телефоны қолында, оны сол маңнан тапқанын айтты, ақшасы да қалтасында. Бірақ өзін соққыға жыққан таныстарының үстінен арыз жазатынын айтты.
"Арызданушыдан ішімдіктің иісі шығып тұрса да, оған "сен массың" деп айта алмайсың, - дейді патрульдік полиция полкінің взвод командирі Қайсар Мелиянов. – Ол үшін арнайы медициналық сараптама қажет. Қоңырау шалған адамның қандай күйде болғанына қарамастан барлық хабарлама тексеріледі".
Расымен де, жәбірленушінің арызын алу үшін екінші патрульдік полиция экипажы келді. Алайда арызданушы бөлімшеге барудан бас тартты. Мұндай жағдайда оқиға орнына жедел тергеу тобы келіп, азаматтың шағымын қабылдайды.
"Бірге ішімдік ішкен соң арада келіспеушілік туындап, соңы жанжалға, төбелеске ұласатын жағдай жиі болып тұрады. Соққыға жыққан танысы екенін айтып отыр. Мас күйінде адам ненің қалай болғанын білмесе де, таңертең есіне түсіреді. Мас екен деп арызын қабылдамай қоюға болмайды", - дейді Мелиянов.
Алайда ол арыз жазудан бас тартса, түсініктеме жазып беруі қажет. Ал әр түсініктеме таңертең басқарма бастығына жіберіледі.
Карантинде жанжал көбейді
Полицейлердің айтуынша, карантин кезінде де тұрғындардан түсетін қоңырау азайған емес. Көршілер арасындағы жанжал, тыныштықты бұзу, тұрмыстық жағдайдағы ұрыс-керіс секілді шағымдар жиілеген.
"Бір түннің өзінде ерлі-зайыптылар арасындағы келіспеушіліктен болған 12 жағдай тіркелуі мүмкін. Үйіне барған соң арызын аламыз, материал бірден сотқа жіберіледі. Арыз жазбайтын болса, ер адаммен жеке сөйлесіп, іс-қимылына жауап бере алатынына көз жеткізсек, үйінде қалдырамыз. Ал таңертең учаскелік полиция жағдайды білу үшін сол мекенжайға барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Әрі қарай бұл учаскелік инспектордың жұмысы", - дейді ол.
Тұрмыстық жағдайдың ішінде тек отбасылы адамдар арасындағы кикілжің ғана емес, көршілер арасындағы жанжал да аз емес. Бір подъезде тұратындар бір-бірінің үстінен шағымданып, 102-ге хабарласады. Тіпті, карантин кезінде терезеден ән айтқандарға арызданғандар да бар. Осындайда "жаман көрші: ұрыс пен керіс, жақсы көрші: алыс пен беріс" екені еріксіз ойға оралады.
Сонымен қатар ойын баласының еркелігін дау ететін аналар да аз емес көрінеді. Балалар ойнап жүріп, бір-бірімен келіспей қалса, анасы бірден полицияға хабарласады. Екі көрші көлік қоятын тұрақтағы орынға таласып қалса да, полиция шақырады. Тәртіп сақшыларының айтуынша, қоңырау шалатындардың көпшілігі – әйелдер.
Полицияға есік ашпайды
Түнгі патруль кезінде жас жігіт сағат он екі жарымда жоғары қабаттағы көршілерінің түнімен маза бермейтінін айтып хабарласты. Көршісінің немесе көршілерінің психикалық ауытқуы болуы мүмкін деген де болжам жасады. Алайда үй ішінде қанша адам бар екенін, кім тұратынын көру мүмкін болмады.
"Осымен оныншы рет полиция шақырып отырмыз. Кеш болса осылай маза бермей шулайды. Мұның алдында келген полицей келесі жолы психиатриялық аурухана маманымен бірге келеміз деді. Алдымен көршім ғой деп үйіне бардым, бірақ есігін ашпайды", - деді арызданушы.
Біз де тұрғын үйдің төртінші қабатына полициямен бірге көтерілдік. Бәрі тыныш, есікті ешкім ашпады. Мұндай кезде полиция шарасыз күйге түседі, есікті бұзуға себеп жоқ, есікті ұзақ уақыт қағып тұрған да жөн емес.
"Азаматтың арызын аламыз. Түнде басқа да тұрғындардың мазасын алмау үшін есікті тоқтаусыз қағып тұра алмаймыз. Таңертең учаскелік инспектор келеді. Қазір көршілері оянып, наразылық білдіруі мүмкін", - деп түсіндірді полицейлер.
Бұл арыз әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексінің 437-бабы "Тыныштықты бұзу" бойынша қаралады. Таңертең учаскелік инспектор келіп, айыппұл салады.
Оқиға орнынан алыстап кеткен соң арыз жазған жігіт қайта хабарласты. Көршілері полицияның кеткенін көрсе керек, қайтадан шулай бастаған. Алайда патрульдік полиция ол үйге қайта барғаннан пайда жоқ екенін, есікті ашпайтынын, таңертең учаскелік инспектордың баратынын алға тартты.
"Алғашқы көмекті көрсетеміз"
Төтенше жағдай режимі кезінде балаларға далаға шығуға тыйым салынды. Үйде жүрген бала түнгі сағат 12-ге дейін асыр салып ойнайды, ал көршілері баланың шулағанын айтып полицияға хабарласады.
"2-3 баласы бар отбасы түнгі он екіде ұйықтамай жүреді, ойнап, шулайды. Көршілері "тыныштықты бұзды" деп хабарласады. Балаға тыныштал деп қалай айтасың?! Карантин кезінде осындай жағдайлар көп болды. Балаларға далаға шығуға болмайды, ал бала үйінде ары-бері жүгіреді, ойнайды. Егде жастағы кісілер түнгі он бірден кейін демалғысы келеді. Екі жақ та өз аргументін айтады", - дейді патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы Марғұлан Ілиясов.
Алайда бұл іспен де учаскелік инспектор айналысады. Сотқа дейін жеткізуге бізде өкілеттілік жоқ, дейді полиция капитаны.
"Біз алғашқы көмекті көрсетеміз. Адамның өміріне қауіп төніп тұрса, оқиға орнына бірінші болып келіп, оларды аудандық ішкі істер бөліміне жеткіземіз. Оқиғаның мән-жайын бөлімнің өзі анықтап, деректерді жинайды. Біз тек бөлімшеге жеткіземіз", - дейді ол.
Патрульдеу барысында аула ішінде жастардың шулап жатқаны жайлы хабар келді. Мекенжайға жедел барған кезде ол жерде шулап жүрген жастар да, тұрғын үй алаңында жүрген тұрғындар да болмай шықты. Мұндай жағдайда полиция рапортқа да дәл солай жазады. Себебі өзінің сол жерге барғанын, алайда ешкімнің болмағанын дәлелдеуі қажет.
"Полицияны көрген жастар қашып кетеді. Түнде аулаға келіп, доп ойнайтындар да бар. Карантин кезінде терезеден шығып, әнұран айтып, ән салып, үлкен кісілердің мазасын алған жағдай жиі тіркелді. Карантин кезінде біреу осылай көңіл көтерсе, біреуге кедергі келтірді. Көп шағым түсті. Әрбір үйге кіріп шығу мүмкін емес. Учаскелік инспектор күндіз келіп, бекітілген әкімшілік аумақта ауланы аралап, жұмыс жүргізеді", - дейді Ілиясов.
"Бөлімшеге алып кетіңіздер"
Түнгі екілер шамасында жер үйде тұратын бойжеткеннен қоңырау түсті. Ол бір ер адамның үйінің есігін бұзғысы келетінін хабарлады. Алып-ұшып оқиға орнына барсақ, үйдің алдында жас жігіт отыр. Ол қоңырау шалған қыздың бұрын кездескен жігіті болса керек, бойжеткен арыз жазудан бас тартты. Тек оны бөлімшеге алып кетуді өтінді.
Алайда арыз жазылмаса, полиция оны бөлімшеге алып кете алмайды. Соған қарамастан ер адамның тұрғын үй маңынан алыстап кеткенін бақылап отыруға тура келді.
Қауіп пен қатер
Патрульдеу барысында взвод командирі Қайсар Мелиянов есте қалған оқиғасын айтып берді. Бірнеше жыл бұрын қылмыс орнына барған кезде бір өлімнен аман қалған екен.
Ол 2014 жылы басқа ауданда жұмыс істеп жүрген кезінде "Зорлау" фактісі бойынша қылмыс орнына барған. Жігіт қызын зорлап, одан кейін бойжеткенді оның досы зорлаған.
"Үш қызметкер үйдің маңына жақындадық. Есікті ашқанымда маған қарай балта лақтырды. Мен ештеңе істеп үлгермей қалдым, балта дәл жанымнан өте шықты. Сәл оңға тұрып қалсам, маған тиетіндей күшпен лақтырған еді. Сол сәтте қатты қорықтым. Қару қолданған жоқпыз, оларды ұстадық", - деді ол сол сәтте қатты қорыққанын жасырмай.
Қауіп пен қатер, қызу оқиғалар ортасында жүретін патрульдік полиция қызметкерлері жұмыс күні аяқталған соң бөлім басшысына рапорт өткізіп, келесі экипаж қызметке кіріседі.