Қоғам

COVID-2019: тест оң нәтиже көрсетсе, не істеу керек?

Дене қызуы 38 градустан асып кетсе, 500 миллиграмнан парацетамол ішу қажет. Бұдан бөлек, күніне бір рет 150 миллиграмм аспирин ішуге болады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 17 маусым – Sputnik. Нұр-Сұлтан қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова коронавирус тесті оң нәтиже көрсеткен науқастарға кеңес берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.  

"Ең алдымен, үйден шықпаңыз. Оқшауланып, бетперде киіп жүріңіз. Екіншіден, күніне кем дегенде үш рет дене қызуын өлшеп тұру қажет. Үшіншіден, жеке гигиена талаптарын қатаң сақтаңыз. Бөлек ыдыс-аяқ ұстаңыз. Сосын бөлмені үнемі желдетіп отырған жөн", - деді Қисықова бүгінгі онлайн брифингте.

Оқи отырыңыз: Елорда ауруханаларына күн сайын 500 адам пневмониямен түседі

Оның айтуынша, дене қызуы 38 градустан асып кетсе, парацетамолды 500 миллиграмнан ішу қажет. Бұдан бөлек, күніне бір рет 150 миллиграмм аспирин ішуге болады. Ал қанды сұйылту үшін "Тромбо АСС", "Кардиомагнил" немесе басқа осы іспетті дәрілерді қабылдаған жөн.

"Дене қызуы 3-5 күн көтерілсе, бұл – коронавирустың белгілері. Жедел жәрдемге немесе өзіңіз қай емханаға қарайсыз, соған хабар беру керек. Карантин туралы ескертесіз де, себебін айтасыз. 65 жастан асқан адамдарға және созылмалы ауруы бар азаматтарға сақ болу қажет. Оларға бірден учаскелік дәрігерге хабарласқан жөн", - деп атап өтті Қисықова. 

Бас дәрігер телемедицинаның бар екенін де еске салды. Астаналық дәрігерлер бейнеқоңырау арқылы кеңес беріп, науқастардың денсаулығын бақылап отырады. Ондай қызмет көбінесе коронавирус белгілері жоқ адамдарға көрсетіледі. Ал індеттің симптомдары байқалған науқастар бірден ауруханаға жатқызылады.

Айта кетейік, коронавирус белгілері анықталса, бірден 103-ке хабарласуға болады. Операторлар бәрін жазып алады да, учаскелік дәрігерге жібереді. Бұдан бөлек, iKomek 109 қызметіне де қоңырау шалуға болады.