НҰР-СҰЛТАН, 16 маусым – Sputnik. Ішкі істер министрлігі делдал арқылы сатып алынған армян көліктері қалай уақытша тіркеуге қойылатынын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Армения көліктерін алыпсатарлардан алған адамдар көп. Арменияға өздері бармаған, демек көлікті өз атына тіркемеген. Олар енді Қазақстанда көлікті уақытша тіркеуге қоя алмай жүр. Олардың мәселесі қалай шешіледі?", - деп сұрады тілшілер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оқи отырыңыз: Қаржы министрі армян көліктеріне қосымша салық салынатынын айтты
Сұраққа арнайы тапсырмалар жөніндегі аға инспектор Ақтоты Боранова жауап берді. Оның айтуынша, Арменияда тіркелген көлікті Қазақстанда уақытша тіркеуге қою үшін көлік иесінің өзі келуі керек.
"Техникалық төлқұжатта көлік иесі жазылған. Оны тауып, уақытша тіркеуге шақыру керек. Егер көлік иесін таба алмасаңыз, ішкі істер органдарының көмегіне жүгінсеңіз болады. Қазір мамандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында біздің қызметкерлеріміз отырады", - деді Боранова.
Ол соларға барып, техникалық құжатта көрсетілген адамның мәліметтерін шығарып алуға болатынын атап өтті.
Боранованың сөзіне қарағанда, армян көлігін сатып алған адам оны өз атына да аудара алады. Бірақ ол үшін алдымен көлік иесімен бірге Арменияға барып, тіркеуден шығу қажет. Осыдан кейін көлік Қазақстанда тұрақты тіркеуге қойылады.
Айта кетейік, бүгінде сақтандыру полисімен армян көліктерін мініп жүрген қазақстандықтар аз емес. Алайда жол ережесі бұзылса, айыппұл көлік иесіне емес, рөлде отырған адамға салынады.