Қоғам

TikTok желісінде видео түсірген ауыл әкімі жазаланды

Ауыл әкімінің жұмыс орнындағы биі қызметіне толық сәйкес келмейтіні туралы ескерту жасалып, тәртіптік жаза қолданылды
Sputnik

АЛМАТЫ, 16 маусым – Sputnik. Қарағанды облысы Жайрем кентінің әкімі Аманқазы Наукенов TikTok желісінде билеп, видео түсіргені үшін жазаланды.

Әкім мамырдың соңында мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған флэшмобқа қатысқан. 

"Қаражал қаласының әкімі шенеуніктің креативті ойын бағаламады. Тіпті Наукеновтің әрекеті қызметке толық сәйкес келмейтіні туралы ескерту түрінде тәртіптік жаза қолданылды", - делінген әкімдіктің сайтында.

Шоумен Мәлік Хасенов әкімді қолдап, жазба жариялады.

"Әкім жарады. Ол айыптаулардан жасқанбай, өз ауылына қоғам назарын аудару үшін TikTok желісіне видеоға түсті. Ал сіз Жайрем ауылы туралы соңғы рет қашан оқыдыңыз?"- деп жазды Хасенов.

Желі қолданушылары мемлекеттік қызметкердің карантин кезінде ондай әрекет жасағанын қателік деп атады. Арасында "енді Жайрем жайлы білетін болдым", "карантин жағдайында басқалар қиналып отырған кезде олай жасауға болмайды" деп пікір білдіргендер де бар.

Видеода ауыл басшысымен бірге кәсіподақ комитетінің төрағасы, мәдени-демалыс орталығының директоры және ұйымның бірнеше қызметкері билеген.

Оқи отырыңыз: Қазақстандық тәрбиеші бір күнде жұлдыз болып шыға келді – видео

Сонымен қатар аталған жағдайға байланысты Қаражал қаласының полиция бөлімі мен Қаражал қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау басқармасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс аясында шаралар қабылдап жатқаны белгілі болды.