НҰР-СҰЛТАН, 15 маусым – Sputnik. Қазақстанның қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев өзін оқшаулады.
"Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев Мәскеу қаласында Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған іс-шараларға қатысуына байланысты 2020 жылдың 11 маусымынан бастап өзін-өзі оқшаулау режиміне көшті", - деп мәлімдеді министрліктің баспасөз қызметі.
Ермекбаев мерекелік шараларға ресейлік әріптесі – армия генералы Сергей Шойгудың шақыруымен барады.
Өзін оқшаулау шаралары шет елдерге бару тәртібін, дәрігерлердің ұсыныстарын, сондай-ақ, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың жай-күйін ескере отырып қабылданды.
"Қорғаныс министрі – жұмыс орнында. Бірақ ол қарамағындағы қызметкерлермен тікелей байланыста болмайды. Қорғаныс министрлігі мен Қарулы күштер қызметіне басшылық ету телефон және бейнебайланыс арқылы жүзеге асырылады", - деп атап өтті ведомстводан.
Тағы оқыңыз: Денсаулық министрі Елжан Біртанов коронавирус жұқтырды
Өзін-өзі оқшаулау уақытында қорғаныс министрімен қажетті диагностикалық шаралар жүргізіледі.
Оқшаулау режимінің аяқталу күні туралы шешім ағымдағы жағдайды ескере отырып, Мәскеуден оралғаннан кейін қабылданады.
Бұған дейін Жеңіс парадына қатысатын қазақстандық әскери қызметшілер Мәскеуге барды. Олар әр үш күн сайын коронавирусқа тест тапсырады, деп мәлімдеді Қазақстанның қорғаныс министрлігі.
Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 75 жыл толуына арналған дәстүрлі Жеңіс парады Мәскеуде 24 маусымда өтеді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысының шақыруын қабыл алған болатын.