НҰР-СҰЛТАН, 15 маусым – Sputnik. Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов коронвирус жұқтырған талапкерлер тестті қалай тапсыратынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Әрине, ондай жағдайлар болуы мүмкін. Біз оны жақсы түсінеміз. Сол себепті әрбір тест өткізу пунктінде арнайы аудитория болады. Қажет болса, соны пайдаланамыз. Егер тексеру кезінде талапкерден аурудың белгілері анықталса, онда ол бөлек тест тапсырады", - деді Смағұлов бүгінгі онлайн брифингте.
Оның айтуынша, барлық шешімді дәрігерлер қабылдайды. Ал коронавирус жұқтырған талапкерлер үшін бөлек тест өткізу туралы ұсыныс болса, орталық оны да қарастырып шығуға дайын.
"Ұсыныс болса, біз ондай адамдар үшін ұлттық бірыңғай тестілеуді бөлек өткізіп беруге дайынбыз. Біздің өкілдеріміз арнайы киіммен жүреді. Ұлттық бірыңғай тестілеуден ешкім тыс қалмайды", - деп атап көрсетті Смағұлов.
Айта кетейік, ұлттық бірыңай тестілеу 20 маусым – 5 шілде аралығында өтеді. Биыл коронавирус пандемиясына байланысты арнайы қауіпсіздік шаралары қолға алынады. Атап айтқанда, әрбір талапкер алдымен дезинфекциялық түнелден өтеді.
Одан кейін дезинфекциялық төсенішті басып, қолын санитайзермен өңдейді. Дәрігерлер оның дене қызуын өлшейді. Әрбір талапкерге респиратор немесе бір рет қолданылатын бетперде таратылады. Бір реттік бетпердені ауыстырып тұруға болады. Аудиторияда екі метрлік арақашықтық сақталады.
"Егер талапкерден дене қызуы анықталса, оған кезекші медициналық қызметкерлердің бригадасы шұғыл көмек көрсетеді. Келесі әрекеттер тек тиісті талаптарға сай орындалады", - дейді Смағұлов.
Білім және ғылым министрлігі ата-аналарға тест өткізу пункттеріне бармауға кеңес беріп отыр.