НҰР-СҰЛТАН, 14 маусым – Sputnik. Көкшетау қаласының кіреберістеріне блок бекеттерді қайта қоюға шешім қабылданды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
15 маусым күні таңғы 8.00-ден бастап Ақмола облысының бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусинаның жаңа бұйрығы күшіне енеді.
"Жалпы қала аумағы бойынша жеті блок бекет орнатылады. Олар Көкшетауға кіріп-шығуды бақылайды. Сондай-ақ, азық-түлік пен тұрмыстық химия өнімдерін сататын дүкендердің жұмыс уақыты да қысқарады. Басқа сауда орындары, спорт және діни ұйымдар, дәмханалар, асханалар мен мейрамханалардың да жұмысы шектеледі", – деп хабарлады облыстық ішкі саясат басқармасы.
Соңғы аптада Көкшетау қаласының 42 тұрғынына коронавирус диагнозы қойылды, олардың 27-де COVID-19 белгілері жоқ.
"Мұндай шектеулер коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау және тұрғындардың денсаулығын сақтау үшін қажет. Азаматтардан жағдайды түсіністікпен қабылдауды сұраймыз және жеке қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырамыз. Адамдар көп жиналатын жерден аулақ болып, қорғаныс құралдарын қолданыңыздар. Мүмкіндігінше, үйден шықпауға тырысыңыздар", – деп мәлімдейді санитарлық қызмет мамандары.
Оқи отырыңыз: Тұрғымбаев қанша полицей коронавирус жұқтырғанын жариялады
Айта кетейік, соңғы деректер бойынша, Қазақстанда 14 496 адамнан коронавирус індеті анықталып, 9 114 адам дерттен айығып шықты. 73 науқас індет салдарынан қайтыс болды.