Қоғам

Медицина қызметкерлеріне қатысты екі бапқа өзгеріс енгізу ұсынылды

Ләззат Ақтаева Қылмыстық кодекстің 320-бабына және Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 179-бабына өзгерту енгізу ұсынылғанын хабарлады
Sputnik

АЛМАТЫ, 12 маусым – Sputnik. Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекстің жобасын таныстырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ақтаева заң жобасы мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында медициналық құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық қудалауды декриминализациялау және қайта қарауға бағытталған түзетулер енгізілгенін еске салды.

Заңнамада медицина қызметкерінің кәсіби міндетін тиісінше орындамағаны үшін қарастырылатын қылмыстық жауапкершілік сөз болған баптар қалады. Атап айтқанда, Қазақстан Қылмыстық кодексіндегі медицина немесе фармацевтика жұмыскерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауына қатысты 317-бап сақталады.

Клиникалық зерттеулер жүргiзу тәртiбiн және профилактика, диагностика, емдеу және медициналық оңалтудың жаңа әдiстерi мен құралдарын қолдану тәртiбiн бұзу туралы 318-бап та қалады.

"Егер іс-әрекетте қылмыстық жаза қолданылатын әрекет белгілері болмаса, 318-баптың бірінші бөлігін әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ауыстыру ұсынылады. Мұндай істерді мамандандырылған, аудандық және оларға теңестірілген әкімшілік сот қарайды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаларды медициналық қызмет көрсету саласындағы лауазымды тұлғалар толтырады", - деді Ақтаева.

Сонымен қатар вице-министр Қылмыстық кодекстің 320-бабына өзгерту енгізу ұсынылғанын хабарлады. Бұған дейін аталған бапта "науқасқа көмек көрсетпеу" деп жазылған болса, енді "медициналық көмек көрсетпеу" деп өзгертілмек.

Сондай-ақ, Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 179-бабына өзгерту енгізу ұсынылды. Бұл бапта сотқа дейінгі тергеуді бастау қарастырылған.

Оқи отырыңыз: Тоқаев дәрігерлер үшін қылмыстық жазаны өзгертуді ұсынды 

"Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау үшін іс-әрекет туралы өтініш немесе хабарламамен бірге тексеру актісі болуы қажет. Ол жерде көмек көрсетуге міндетті адамның медициналық көмек көрсетпеуі, сондай-ақ, клиникалық зерттеу тәртібін бұзу және алдын алу, емдеу барысында жаңа әдістерді қолдану тәртібінің бұзылғаны расталуы қажет", - деп атап өтті вице-министр.

Айта кетейік, 11 маусымда сенаттың жалпы отырысында "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы"  кодекстің жобасы қаралды. Сенат заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады.

Бұл заңға сәйкес, Қазақстан заңнамасына "медициналық оқыс оқиға" ұғымы енгізіледі, дәрігерлердің кәсіптік қызметіне араласқандар әкімшілік жауапқа тартылады.