Экономика

"Экономикалық ахуал күрделі": қаржы министрі алдағы жоспар туралы айтты

Қазақстан билігі қаржы нарығында қандай да бір ауытқу болса, әлеуметтік-экономикалық болжамдарды өзгертіп, бюджетке өзгеріс енгізеді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 12 маусым – Sputnik. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев республикалық бюджетке қайтадан өзгеріс енгізуге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Өздеріңіз көріп отырсыздар, экономикалық ахуал өте күрделі және құбылмалы болып тұр. Шикізат бағасы құлдырады. Мұнай бағасы бірде аздап көтеріледі, бірде төмендейді", - деді Жамаубаев онлайн брифингте.

Министр биыл нақтыланған бюджетте мұнайдың бір баррелі 20 доллар, ал теңге бағамы бір доллар үшін 440 теңге көлемінде белгіленгенін айтты. Ішкі жалпы өнім 69,70 триллион теңгенің маңайында болады деген болжам бар.

Оқи отырыңыз: Ұлттық экономика министрі келешегі бар салаларды атады

"Нақтыланған бюджеттің қабылданғанына екі-ақ ай болды. Бірақ қазір республикалық бюджетке түсетін қаржының жоспары орындалмай отыр. Мұнай бағасы да құбылып тұр. Әрине, қандай да бір қатты ауытқу болса, біз әлеуметтік-экономикалық жоспарларымызды және болжамдарымызды өзгертіп, бюджетке де өзгеріс енгіземіз. Бірақ дәл қазір бюджетті қайта қарайтындай себеп жоқ", - дейді Жамаубаев. 

Министр Қазақстанның қарызына да тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік қарыздың көлемі 16,5 триллион теңгені құрайды. Соның 5,8 триллион теңгесі – сыртқы қарыз.

"Әрине, шетелдік валюта бағамының құбылуы мемлекеттік қарызға қызмет көрсетуге әсер етіп отырады. Алайда қазір валюта бағамы төмен түсті. Сондықтан бюджетке түсетін салмақ та әжептәуір азайды", - деп түйіндеді Жамаубаев.