НҰР-СҰЛТАН, 12 маусым – Sputnik. Павлодар тұрғыны Қазақстан бойынша 92 қызды алдап, 6 миллион теңгеге жуық ақшаны иемденген.
Ерекше алаяқтық туралы Polisia.kz порталы хабарлады.
Қылмыскер WhatsApp-та және әлеуметтік желілер арқылы қыздарға уәдені үйіп-төгіп, сөзіне иландырған, аяныш сезімін тудыратын өтініштер жасаған.
Оқи отырыңыз: Алматыда 800-ге тарта адамды алдап кеткен қылмыстық топ қолға түсті
Ер адам фейк аккаунттар ашып, қыздармен танысқан, сеніміне кіріп, қарыз алған, содан кейін қарызды қайтару үшін жеке мәліметтерін жіберуді өтінген. Осыдан кейін ол бөтен аттармен онлайн-кредиттер рәсімдеген.
Онлайн режимдегі алаяқтық
ІІМ Киберқылмыспен күрес орталығы интернет алаяқтық оқиғаларының саны жыл сайын артып келе жатқанын хабарлады. Егер 2018 жылы осындай 4000 қылмыс тіркелсе, 2019 жылы 8 мыңға жеткен, ал осы жылдың бес айында олардың саны 4 мыңнан асып кетіпті.
Қаскүнемдер азаматтарды алдау үшін танымал әлеуметтік желілерді, мессенджерлерді, жарнама сайттары мен жалған интернет парақшаларды пайдаланады. Қазақстанда ай сайын электронды мәліметтерге заңсыз қол жеткізуге қатысты 800-ден астам қылмыстық іс тіркеледі.