НҰР-СҰЛТАН, 12 маусым – Sputnik. Қазақстан астанасында коронавирус жұқтырған аналар 12 сәбиді дүниеге әкелді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Нұр-Сұлтанның инфекциялық стационарларында коронавирус жұқтырған аналар 12 нәрестені өмірге әкелгенін хабарлағым келеді. Мұнда медицина қызметкерлерінің, біздің әріптестеріміздің еңбегі зор", – деді Қисықова онлайн брифингте.
Айтуынша, қазір қалада барлығы 2 620 індетке шалдыққан науқас тіркелсе, оның 270-і балалар.
Елорда ауруханаларында 730 науқас емделіп жатыр. Соның ішінде 48 пациенттің жағдайы ауыр, ал 18 науқас мүшкіл хәлде. Олар жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылған.
Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырған әйел дені сау сәби босанды
Бұған дейін Қисықова қалада соңғы кездері пневмониямен ауырғандар қатары көбейіп бара жатқанын айтты. Айтуынша, пневмонияның 70 пайызы – бұл коронавирустың асқынған түрі.