НҰР-СҰЛТАН, 11 маусым – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бір аптаның ішінде парамен ұсталғандардың видеосын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ресми ақпаратқа сәйкес, Алматы облысында ветеринарлық инспекция басшысы мен бөлім жетекшісіне қатысты тергеу басталды. Шенеуніктер инспекцияның бас маманы қызметіне жұмысқа орналастырғаны үшін 700 мың теңге алды деген күдікке ілінді.
Ал Алматы облысы Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасары жеке кәсіпкермен бірлесіп 200 мың теңге көлемінде пара алғаны үшін айыпталып отыр. Олар мемлекеттік сатып алулар бойынша нақты жұмыс істелмесе де, атқарылған актілерге қол қойған. Сөйтіп, пара ұсынған жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 15 миллион теңге аударған.
Шымкентте сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Ол мердігер компаниямен келісе отырып, жарамсыз топографиялық түсірілімді мемлекеттік сатып алулар арқылы сатқан. Сөйтіп, ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Басқарма басшысы уақытша қамау изоляторына тоғытылып отыр.
Ақтөбе облысында ІІМ ішкі қауіпсіздік тобының бұрынғы басшысы, осы топтың ішкі істер бөлімі бойынша бас жедел уәкілі мен Ақтөбе қалалық полициция департаментінің қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Олар қызметтік өкілеттіктерін пайдалана отырып, ішкі істер органдарының бұрынғы қызметкерін қылмыстық атқару жүйесіне жұмысқа орналастырамыз деген желеумен 600 мың теңгені қолды қылған. Күдіктілер өз кінәсін толығымен мойындады.
Айта кетейік, бүгін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "Қазақстан Ғарыш Сапары" АҚ экс-президенті мен Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының бұрынғы орынбасары ұсталғанын хабарлады. Бұдан бөлек, дене шынықтыру және спорт комитеті төрағасының бұрынғы және қазіргі орынбасарларына қатысты істі тергеу барысында тағы екі адам қамауға алынды.
Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда аудан әкімінің орынбасарына үкім шықты – видео