Қоғам

Білім министрлігі ҰБТ-ға қатысты жаңашылдық туралы айтты

Биыл халықаралық стандартталған тестердің ұпайын ұлттық бірыңғай тестілеудің балына ауыстыру шкаласы енгізілді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 11 маусым – Sputnik. Қазақстанда халықаралық тестердің сертификаты бар жастар білім грантын тағайындау конкурсына қатыса алады немесе жоғары оқу орнына ақылы бөлімге түсе алады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2020 жылы халықаралық стандартталған тестердің ұпайын ҰБТ балына ауыстыру шкаласы енгізілді.

"Енді SAT, ACT және IB халықаралық стандартталған тестілеулерінің сертификаты бар адамдар білім грантын тағайындау конкурсына қатыса алады және (немесе) жоғары оқу орындарына ақылы бөлімге түсе алады. Бұл жоғары білім алуға деген қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді", - делінген хабарламада.

SAT Reasoning және SAT Subject сертификаты болған жағдайда, SAT балы ҰБТ балына ауыстырылады. Сондай-ақ, SAT Subject нәтижелері ҰБТ балына тек бейінді пәндер сәйкес келген жағдайда ғана ауыстырылады.

"SAT ұпайын ҰБТ балына ауыстыру тек SAT reasoning (мектептегі дағдылар – оқу, хат және математика бойынша тест) және SAT Subject (жекелеген пәндер бойынша тест) сертификаты болған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Сондай-ақ, SAT Subject нәтижелері ҰБТ балына тек бейінді пәндер сәйкес келген жағдайда ғана ауыстырылады", - деді білім және ғылым министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.

SAT – АҚШ-тың жоғарғы оқу орындарына түсу үшін тапсырылатын стандартты тест.

ACT тесті, әдетте, АҚШ колледждеріне түсу үшін пайдаланылады.

Ал IB – түлектерді тек Американың ғана емес, Еуропа елдерінің де жоғары оқу орындарына дайындауға арналған білім бағдарламасы.

Бұған дейін үкіметте білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов халықаралық тестердің сертификаттары бар түлектер ҰБТ тапсырудан босатылып, білім грантын тағайындау конкурсына осы ауысқан баллмен қатыса алатынын айтқан еді.

Тағы оқыңыз: Грант тағайындау ережесіне өзгеріс енгізілді

Айта кетсек, биыл ҰБТ 20 маусымнан 5 шілдеге дейін 15 лекпен санитарлық талаптарды қатаң сақтау арқылы 161 пунктте өткізіледі.

Барлығы 131 755 адам тест тапсырады.

Осы жылы ҰБТ форматы өзгертілген жоқ. Барлығы бес пән – үш міндетті және екі бейіндік пән бойынша тестілеу қағаз жүзінде өтеді. Барлық тест тапсырмасының саны – 120, максималды балл – 140.