АЛМАТЫ, 11 маусым – Sputnik. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қала кәсіпкерлерін санитарлық ережелерді бұзбауға, дәрігерлер бекіткен норманы сақтауға шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұл жайында әкім Instagram парақшасында жазды.
"Басты талап – санитарлық нормаларды сақтау. Оның өзі қиын емес: санитайзер, қорғаныс бетпердесі, қолғап пен әлеуметтік арақашықтық. Ірі кәсіпорындар жұмысты тексеруден кейін бастаса, шағын бизнес саласына рұқсат хабарлама принципі бойынша берілді. Бұл ретте жауапкершілік кәсіпкерге жүктелді", – деп жазды Сағынтаев.
Сонымен қатар қала әкімі қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақталған соң өндіріс, құрылыс, сауда мен қызмет көрсету орындарының жұмысы кезең-кезеңімен жандана бастағанын еске салды.
Айтуынша, қалада тексеруден өткен 2,4 мыңға жуық нысанның 138-інде заң бұзушылық анықталған, кейбірінің қызметі тоқтатылды.
"Кәсіпкерлік қауымдастық өкілдерінен өтініп сұрарым, қызмет түріне қарамастан, белгіленген нормаларды ұстану қажет. Егер қауіпті індеттің қайта өршуіне жол берсек, қаланың тыныс-тіршілігіне ауыр соққы болары анық. Бір-бірімізді қолдайық", – деді Алматы әкімі үндеуінде.
Оқи отырыңыз: "Адамдар аштықтан өледі": Танымал әнші Тоқаевқа видео үндеу жолдады
Айта кетейік, Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 13 558 адамға жетті, 8 345 адам жазылып шықты, 67 адам қайтыс болды. Ал ауру белгілері жоқ 2 529 адам анықталды.
Алматыда 10 маусымда тағы 18 адамнан инфекция табылып, өсім 0,6%-ті көрсетті.
Қазіргі кезде қалада коронавирустың клиникалық белгісі жоқ 291 науқас бар.