Қоғам

"Күштеп алып кеткен": 2 күн министрліктің алдында түнеген аналарды таратып жіберді

Көпбалалы аналардың мәлімдеуінше, митингке шыққандардың барлығын коронавирус тестінен күштеп өткізейін деп жатыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 10 маусым – Sputnik. Министрліктер үйінің алдында үнсіз митинг өткізген көпбалалы аналарды құқық қорғаушылар алып кетті. 15 әйел аштық жариялап, екі күн бойы еңбек министрлігінің алдында түнеп шыққан, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Әлеуметтік желіде үнсіз митингке қатысушылардың бірі Нәзира Мұқашева түсірген видео тарап жатыр. Онда автор министрліктер үйінің алдына бес жедел жәрдемнің келгенін көрсеткен. Одан кейін бір топ адам келген. Ал көпбалалы аналар Қазақстанның әнұранын айта бастайды.

Бірнеше минуттан кейін оқиға орнына құқық қорғаушылардың автобусы келеді. Оның ішінен дезинфекциялық киім киген арнайы жасақ шығып, митингке шыққан аналарды күштеп алып кетеді.

Зиуар есімді көпбалалы ана митингке шықпаса да, бүгін аштық жариялағандарды қолдауға барды. Себебі олар таң ата хабарласып, көмек сұраған.

"Қыздар таңертең телефон шалып, тездетіп келіңіздер деді. Видеоларды жіберді. Сөйтсек, СОБР арнайы киім киіп, күштеп алып кеткен. Бұрынғы "Рамада Плаза" қонақ үйіне алып келді. Енді әрбірін жеке-жеке патрульдік көлікке мінгізіп, жан-жаққа әкетіп жатыр. Дұрыс емес қой", – дейді Зиуар.

Митингке қатысушы аналардың сөзіне қарағанда, олардың барлығын коронавирус тестінен күштеп өткізейін деп жатыр.

"Біз өзімізді жақсы сезініп тұрмыз, бірақ бізді мына жаққа мәжбүрлеп алып келді де, коронавирус тестінен өткізіп жатыр", – дейді олар.

Оқи отырыңыз: "Киімді жыртып тастады": министрлік жанында түнеген аналар бүгінгі жағдайды айтты

Нұр-Сұлтан әкімінің кеңесшісі Дәурен Бабамұратовтың айтуынша, митинг санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің шешімі бойынша таратылды.

Осы орайда Sputnik Қазақстан тілшісі Есіл ауданының бас санитары Арман Құрбановқа хабарласып, мәселенің мән-жайын білді. Оның айтуынша, санитарлық қызмет тек түсіндіру жұмыстарын ғана жүргізді.

"Негізі, митингті тарату санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің шешімі емес. Бізде Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігердің қаулысы бар. Қаулыда анық жазылған - қоғамдық жерлерге шыққан кезде үш адамнан артық жиналмауы керек. Арақашықтық сақталуы тиіс, бетперде кию қажет. Егер адам көп жиналып, жиындар және басқа да шаралар өткізілетін болса, ол заңсыз болып саналады. Топтық жиналыстарды өткізуге тыйым салынған. Сондықтан біз бүгін ол адамдарды қаулымен таныстырдық. Ал күштеп алып кету бойынша құқық қорғау органдарынан сұрау керек. Біздің тарапымыздан тек түсіндірме жұмыстары ғана жүргізілді", - дейді Құрбанов.

Астана қаласының полиция департаменті осы мәселе бойынша ресми сауал жолдау қажеттігін жеткізді.