НҰР-СҰЛТАН, 10 маусым – Sputnik. Нұр-Сұлтанда жаңадан коронавирус жұқтырғандар бір отбасында бірнеше COVID-19 таратушының анықталуы салдарынан көбейіп жатыр. Бұл туралы елорданың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова айтты.
Ол инфекцияның жаңа ошақтары табылып жатқанын, күн сайын ауруды жұқтырған отбасының екі немесе кейде 5-7 мүшесінен вирус анықталатынын атап өтті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
"Отбасылық мерекелер кезінде індет жұқтырғандар бар, бұған мүлдем жол беруге болмайды. Санитарлық нормаларды сақтамайтын кейбір жауапсыз адамдардың әрекетінен кішкентай балалар, қарттар мен жүкті әйелдер бар отбасының барлық мүшесіне вирус жұғып жатыр. Тіпті жүкті әйелдің сәбиі де Covid-19 вирусымен туған кездер болды", - деді Қисықова.
Ондай жағдайда балаларды аналарынан бөлек ұстауға тура келеді. Кейбір адамдар өз денсаулығын күтпесе де, жақындарын ойлалуы тиіс, дейді ол.
"Созылмалы ауруы жоқ, дені сау адамның өзі коронавирустан жатып қалуы мүмкін екенін тәжірибе көрсетіп отыр, ағза инфекциямен күресе алмаған соң жасанды тыныс алдыру аппаратына қосуға тура келді. Ешбір жағдайда өзін-өзі емдеумен айналысуға болмайды", – деп түсіндірді басқарма басшысы.
Оқи отырыңыз: Бекшин Алматыда коронавирус жұқтырғандардың көбею себебін түсіндірді
Инфекция жұқтырғандардың 75%-і 18 бен 59 жас аралығындағы топқа кіреді. Коронавирус пандемиясы басталғаннан бері Нұр-Сұлтанда 2543 адам инфекция жұқтырды: 34 науқастың жағдайы ауыр, оның 12-сі өте ауыр жағдайда, жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылған, 10 науқас індеттен көз жұмды. 1679 науқас (66 %) жазылып шықты.
Сәуле Қысықова санитарлық нормаларды қатаң сақтау керектігін атап өтті. Аса қажеттілік болмаса адам көп жиналатын жерлерге бармау қажет, қоғамдық орындарда маска киіп, арақашықтық сақтап және антисептик пайдалану керек. Коронавирус жұқтыру қаупі әлі жойылған жоқ.