Экономика

"Ақшаның қайда жатқанын білмейді": үкімет Нығматулиннен сөз естіді

Мәжіліс төрағасының айтуынша, қазір мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігінің үштен бірі, ал шығыс бөлігінің төрттен бірі ұлттық қордың есебінен қалыптасып отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 10 маусым – Sputnik. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин үкіметті ұлттық қордың ақшасын оңды-солды жұмсап жүргені үшін сынға алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мәжіліс депутаты Жәмила Нұрмамбетованың айтуынша, білім және ғылым министрлігіне отыз университетте коворкинг орталығын ашуға 663 миллион теңге бөлінген. Қаражат ұлттық қордың мақсатты трансферттерінен бағытталған. Алайда ақша жүз пайыз игерілмеген.

"Яғни, елдің жоғары оқу орындарында жоспарланған бірде бір коворкинг аймақ ашылған жоқ. Егер университеттер коворкинг орталықтарын өздері ашуға мүмкіндігі болса, ұлттық қордан ақша бөлуге қандай қажеттілік туды?", деп сұрады ол білім және ғылым министрінен.

Асхат Аймағамбетов коворкинг орталықтарын бюджеттен ақша шығармай ашу мүмкіндігі болғандықтан, 663 миллион теңге бюджетке кері қайтарылғанын айтты.

"Бұл коворкинг орталықтар ашылады. Мақсатқа қол жеткіземіз. Қазірдің өзінде бес орталық ашылды. Қалған жиырма бесі келесі жылдың басында ашылады", – деді министр.

Бірақ, мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Аймағамбетовтің жауабына қанағаттанбады.

Айтуынша, министр депутаттың сауалын дұрыс түсінбеген. Мәжілісмен коворкинг орталықтардың ашылуы туралы емес, неге оларға ұлттық қордан ақша бөлінгенін сұрады.

"Сіз, қателеспесем, былтыр жазда министр болдыңыз. Сондықтан осы коворкинг орталықтарға бөлінген миллион долларлар туралы білмейтін де шығарсыз. Коворкинг орталық деген не, алдымен, соның басын ашып алу керек еді. Ол жай ғана сұқбаттасу, әңгімелесу алаңы, аталған жағдайда жұмыс берушілер мен студенттердің қарым-қатынас алаңы. Қазір бәрін шетелдің әдемі сөздеріне ауыстырып, көп ақша алады да, оны кейін игермейді. Айтыңызшы, бұл ұлттық қордан ақша алатындай соншалықты үлкен проблема ма еді?. Мен олай деп ойламаймын", – деді Нығматулин.

Мәжіліс төрағасы коворкинг орталықтарды ашуға ұлттық қордан қаржы бөлуге қандай қажеттілік туғанын ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтен сұрады.

Министр Нығматулиннің "ұлттық қордың ақшасын шашуға болмайды" дегенімен келіскеннен басқа мардымды ештеңе айта алмады.

"Ұлттық қордың қаржысын шашуға болмайды. Ол туралы Елбасы да, президент те үнемі айтып жүр. Сондықтан ұлттық қордың әр тиыны қатаң бақылауда болуы қажет. Ол ақшаны тек ерекше жағдайда ғана алуға болады", – деп ескертті спикер.

Мәжіліс төрағасының айтуынша, үкіметке бір бағдарламадан артылған ақшаны екінші бағдарламаға аударуға заңнамалық түрде мүмкіндік берілген.

"Егер министрлік ішінде бір бағдарламаның ақшасы игерілмесе, соны коворкинг орталықтарға бөлу керек еді. Мұндай құзырет бар ғой сіздерде. Парламентке келмей-ақ, үкіметтің қаулысымен министрлік ішінде бөле беруге болады. Коворкинг орталықтарға ақша сұрағанда, қаржы министрлігі, ұлттық экономика министрі қайда қарады? Қандай жауапсыздық! Әлихан Асханұлы (премьер министрдің бірінші орынбасары) мұндай әрекеттерді тоқтату керек", – деді Нығматулин.

Оқи отырыңыз: "Рұқсат етілмейді": Тоқаев Назарбаев құрған Ұлттық қор туралы айтты

Оның айтуынша, қазір мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігінің үштен бірі, ал шығыс бөлігінің төрттен бірі ұлттық қордың есебінен қалыптасып отыр.

"Бұл не, ерекше жағдай ма? Біздің министрлер ақшаның қайда жатқанын білмейді. Бұлай істеуге болмайды, әріптестер. Бар қаражатты игермейсіздер, барып ұлттық қордан тағы аласыздар. Қордың ақшасын оңды-солды шашуға болмайды. Әлихан, Асханұлы, келісіп алайық. Тәртіп орнатыңыздар", – деді ол.